Балабақшада жылу батареясына қыстырылған бүлдіршін күйіп қалды
Ақтөбе облысында екі жасар сәби балабақшада күйіп қалды. Ұйықтап жатқан Нұрай Өтеген кереуетінен құлап, аяғы жылу батареясына қыстырылып қалған. Шырылдап жылаған оның дауысына тәрбиешілері мән бермепті. Тек аяғы күп болып іскенде ғана ата-анасына хабарлаған. Ең сорақысы, Бұгетсай ауылындағы балабақшада кішкентай қызға алғашқы медициналық көмек көрсетуге ешқандай дәрі табылмапты дейді ашынған ата-ана.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.03.2017
-Қайда құладың?
-Анажақ.
-Андай жерге дейді.
Тілі әлі шықпаса да, кішкентай Нұрай аяғының қалай күйгенін былдырлап түсіндіруде. Жарасын ауырсынып, түнімен шошынып шығады екен. Әжесінің айтуынша, немересі Бөгетсай ауылындағы балабақшада төсегінен құлап, аяғын жылу батареясының қуысына қыстырып алыпты. Қызып тұрған темірден терісі үлбіреп түсіп, кейін аяғы күп болып ісіп кеткен. Ал тәрбиеші ол кезде дәретханаға кеттім деп ақталатын көрінеді. Ең сорақысы, алғашқы көмек көрсетуге балабақшада дәрі мен дәке табылмаған.
Ажар Құсайынова, Нұрайдың әжесі:
-Балабақша тәрбиешісінің жауапкершілігінің жоқтығынан. Жиырма бала емес, бір бала болса да жауапты ғой ол. Көмек көрсететін аптечкесінде балам айтады аптечкесінде бәрін қарадым, ешқандай не көрсететін ештеңе жоқ деді.
Екі жасар Нұрай енді облыс орталығындағы балалар ауруханасында күйіктен ем алып жатыр. Дәрігерлер мұнда әлі кем дегенде он күн жатады дейді.
Әділбек Омаров, дәрігер:
-Тобығынан бастап тізесіне дейін күйген. Оны емдеп, жарасын таңып қойдық. Баланың қазір қимыл-қозғалысы ширақ. Сауығып кетеді деп сенеміз.
Ауыл балабақшасындағы оқиғадан білім басқармасындағылардың өздері шошып отыр. Өйткені тәрбиеші қандай жағдай болмасын баланы көзден таса қалдырмауы тиіс дейді.
Әмина Нұрманова, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы:
-Тәрбиеші группадан шығуға құқығы жоқ. Себебі баланың денсаулығына, өміріне де жауапты адам. Ауданның білім бөлімінен комиссия құрылды. Олар сол мәселені зерттеп, шара қолданады.
Баланы қараусыз қалдырған тәрбиешіге қандай жаза қолданылары әзірге белгісіз. Бір анығы, балабақша меңгерушісі де жазадан құтыла алмайды. Бірақ Білім басқармасындағылар алдымен тексеру қорытындысын күтпекші. Ал күйіп қалған сәбидің ата-анасы шенеуніктерден бөлек, тәртіп сақшыларына да шағым түсіріпті. Бұл – кінәлілер құқықтық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін деген сөз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!