Ерлан Сағадиев экс-қызметкері таққан айыпқа жауап берді
Ерлан Сағадиев жұмысқа тамыр-таныстарын ғана алып жатыр деп экс-қызметкері таққан айыпқа жауап берді! Көмекшіден басқа жұмысқа кісі ертпедім деген Білім министрі, командасы туралы тараған ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ведомствадағы былықты бұған дейін Ғылым комитетінің бұрынғы орынбасары Ләззат Құсайынованың таратқанын айта кетейік. Соңғы кезде басы даудан арылмай жүрген Сағадиев, бүгін министрліктің қолға алған бастамаларын да жария етті.
Автор: Досжан Маратұлы
09.03.2017
Білім министрлігіндегі кезекті дауға себеп болған мына хат. Мұнда Ғылым комитеті төрағасының бұрыңғы орынбасары Ләззат Құсайынова, өзі жұмыс істеген министрліктегі былықты тізіпті. Айтуынша, былтыр Ерлан Сағадиевтың келуімен, вице-министрлерден бастап, комитет, департамент директорлары түгел жұмыстан қуылған.
Ләззат Құсайынова, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің бұрыңғы орынбасары:
-Ерлан Сағадиев жұмысқа өзінің тамыр-таныстарын алды. Өкініштісі, өте білікті мамандар қуылып, орнына не білімге, не ғылымға қатысы жоқ адамдар келді. Мәселен, қазіргі үш вице-министрдің ешқандай ғылыми дәрежесі жоқ. Бұл салада мүлдем тәжірибесіз. Барлығы Сағадиевтың адамдары.
Ләззат Құсайынова былтыр қарашада мемлекеттік қызметкердің этикасын бұзғаны үшін жұмыстан босатылғанын айта кетейік. Енді 19 жыл министрлікте істеп, жұмыссыз қалған комитет төрағасының экс-орынбасары мұның шындыққа жанаспайтынын делелдеп, Сағадиевпен соттаспақ. Ал, дауға қалған министрдің өзі көмекшісінен басқа ешкімді сырттан әкелмедім деп отыр. Тіпті, Құсайынованы көрген емеспін дейді Сағадиев.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Орынбасарларым, комитет, департамент басшылары менің жақын адамдарым емес. Ешкімді жұмысқа тұрғызған жоқпын. Бәрімен министр болып тағайындалған соң таныстым. Ал, өз командасын алып келді деген айыптауды алғаш рет естіп тұрмын.
Сағадиев, өзін масқаралаған хатты да бүгін ғана оқыпты. Бірақ, бәрін жоққа шығарған министр енді Ләззат Құсайынованың өзін сотқа беруі мүмкін.
Экс-қызметкерінің айыптауларына жауап берген еліміздің бас ұстазы артынан орыс сыныптарына қазақ тілін үйретудің жаңа әдісі туралы да айтып берді. Яғни, 11 жыл оқығанымен, қазақша түсінбейтін орыс мектептерінің оқушылары енді қазіргідей ережелерді оқи бермей, бір-бірімен сөйлесу, жазу секілді практикаға көбірек тоқталады. Сөйтіп, Сағадиев биылдан бастап, қазақшаға көбірек көңіл бөлмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!