Семейде суға кеткен 10 жастағы баланың денесі табылды
Семейде осыдан төрт күн бұрын суға кеткен 10 жастағы баланың денесі табылды. Енді ертең жерлеу рәсімі өтпек. Ал қара жамылған отбасының құтқарушыларға деген өкпесі қара қазандай. Себебі, Даниилдің денесін жергілікті құтқарушылар емес, туыстары ерекше әдіс арқылы тапқан көрінеді. Олар іздеу үшін еріктілер жинап берген қаражатқа сатып алынған су астын түсіретін бейнекамера мен қойды пайдаланған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
09.03.2017
Сергей Прохоров, Д.Прохоровтың ағасы:
-Оны эксперимент арқылы іздедік. Ол үшін қойға ауыр заттар байлап суға батырып жіберуге тура келді. Сонымен бірге тесілген мұздардың бәріне бейнекамера қойдық. Бұл мезетте құтқарушылар жоқ болатын. Осылай, шамамен бір сағаттың ішінде бауырымның денесін тауып алдық.
20-ға жуық ерікті мен баланың туыстары бейнекамера таққан қойдың өлексесін батырып бақылап отырған. Ал өлген жануар баланың жансыз денесіне жаңылмай ағып барыпты. Сөйтсе, жеткіншектің мәйіті оқиға болған аумақтан төменірек бір шақырым жерде иірімге тұрып қалған екен. Яғни, камера объективіне жағадан 4 метр қашықтықта мұзға жабысып тұрған бала ілігеді. Ал, құтқарушылар БАҚ өкілдеріне мәйітті біз таптық деп жар салған. Бұған наразы туыстары олар мұзды ойғаннан басқа түк бітірмеді, тіпті, қолдарында құрал да болмады дейді. Айта кетейік, жексенбі күні Даниил Прохоров достарымен сырғанақ теуіп жүргенде, мұз ойылып, суға кеткен болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!