Ақтөбеде лаңкестікке қарсы өткен жаттығу жұртты шошытты
Ақтөбе жұрты бүгін тағы дүрлікті. Өйткені, көше бойында қару асынған тәртіп сақшылары қаптап, қаланы тікұшақ көктен бақылаумен болды. Көлік қозғалысына да шектеу қойылып, машиналар бірнеше сағат бойы кептелісте тұрып қалды. Былтырғы оқиғадан шошынып қалған тұрғындар не болғанын білмей әбігерге түсті. Сөйтсе, лаңкестікке қарсы штаб ешкімге ескертпестен шұғыл жаттығу ұйымдастырған екен. Бірақ оның қалай өткенін жауапты органдар айтпай отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
10.03.2017
Тыныштықты таң атысымен көкке көтерілген тікұшақтар бұзды. Әскерилер соңғы рет былтырғы лаңкестік оқиға кезінде қаланы дәл осылай бақылауға алған болатын. Мұны әлі ұмыта қоймаған тұрғындар кәдімгідей үрейленіп қалған. Оның үстіне, көшеде қозғалыс шектеліп, бірнеше сағат бойы көліктер кептелісте тұрды.
Тәртіп сақшылары қаланың қақ ортасындағы түрмені де қоршауға алған. Ал мұнда жазасын өтеушілердің жағдайын сұрай келген жақындарын түзеу мекемесінің маңына жолатпай қойыпты. Түрмедегілер де ұрымтал сәтті пайдаланғысы келсе керек, жақындарынан көмек сұрап жанжал шығарған.
Самал Қартжан, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Көмектесіңдер деп жатыр ғой. Айқайлап жатыр адамдар деген. Басып тастады уже. Үш айқай болды.
Даурыққан жұртты сабырға шақыруға ақыры түрме бастығы шықты. Айтуынша, лаңкестікке қарсы штаб шұғыл жаттығу өткізіп жатыр екен. Мұндағыларға да бұл жайында ескертілмеген екен.
Лаңкестікке қарсы жаттығуды ұйымдастырғандар халықты әдейі ескертпеген. Өйткені күш құрылымдарының дайындығы төтеннен тексеріп, жұрттың оқыс оқиға кезінде өзін қалай ұстайтынын білмек болыпты. Осылайша, сынақ өткізу үшін түрмемен қатар қаладағы гипермаркеттердің бірін таңдап алған.
Жаттығудың қалай өткені туралы лаңкестікке қарсы штаб жақ ашпай отыр. Тек бұқаралық ақпарат құралдарына тұрғындар даурықпасын деген хабарлама таратқан. Әйтсе де, сарапшылар мұндай шаралардың кейде халыққа керсінше әсер ететінін айтады. Яғни, жаттығуды жиі ұйымдастырған сайын оған еті үйренген жұрт оқыс оқиға кезінде қорғанудың орнына жайбарақат жүруі де әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!