Жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді
Жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Сенат, Мәжілістің төрағалары мен Үкімет басшысын Ақордаға шақырып, өзгертілген Ата заңға жариялы түрде қол қойды.
Автор: Жәудір Оразхан
10.03.2017
Конституцияға жалпы 26 өзгеріс енгізілді және Президент өзіне тиесілі 35 түрлі билігін Үкімет пен Парламентке бөліп берді. Үкіметті жасақтауда енді премьер депутаттармен ақылдасып, шешім қабылдай береді. Тек Қорғаныс, Ішкі және Сыртқы істер министрлерін тағайындау құзыры ғана президентте қалған. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі алғаш рет Ата заңмен бекітіліп отыр. Конституцияға Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы деп жазылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады. Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық. Осылайша, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті.Конституциядан кейін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осыған орай тиісті жұмыстар жүргізіледі. Енгізілген заңды мен Конституцияның талабы бойынша Конституциялық кеңеске жіберіп, бұл заңның Конституцияға және Қазақстанның заңдарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!