Тұтынушы құқығын қорғайтын заңдар ірі сауда орындарына жетпеген болып шықты
Тұтынушылар өз құқығын ұмытпауы керек! Елімізде құжат бойынша сатып алушылар мүддесі жан-жақты қорғалған. Алайда, іс жүзінде ол сақталып жатқан жоқ. Коммуналдық қызметтен бастап, тауарды сатып алу, айырбастау және қайтарудағы талаптар сол күйі орындалмайды. Өйткені, тұтынушы өз құқықтарын толыққанды білмейді. Заңға былтыр енгізілген өзгерістердің сауда орындарында қаншалықты сақталады?
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.03.2017
Бұрын тұтынушыларға дүкендерде түсірілім жасауға шектеу жасалса, қазір оған заң жүзінде рұқсат. Яғни, сатып алушы сауда орнында қалағанынша сурет немесе видео түсіруге құқылы. Былтыр енгізілген өзгерістің қазір қаншалықты сақталып жатқанын біз де тексеріп көрдік.
Қаладағы ірі супермаркеттердің бірінде видеоға емін-еркін түсіріп жүрміз. Бұл жақта бізге қарсылық білдіріп жатқан ешкім жоқ. Бұған қоса, қазір тауардың сөредегі және кассадағы құны екі түрлі болса, клиент құзырлы орындарға шағымдана алады. Ал түсірген сурет пен бейнежазбасын сотта дәлел ретінде қолдануға құқылы. Сондай-ақ, тұтынушының өзіне ұнамай қалған тауарды енді 30 күнге дейін айырбастауына рұқсат. Дегенмен, заңға енген бұл өзгеріс тұтынушы түгілі, сатушыларға әлі жетпеген сыңайлы.
Александра Үмбеталиева, техника сататын дүкен өкілі:
-Заңға сәйкес барлық дүкендердегідей жарамсыз затты 14 күннің ішінде айырбастап береміз. Немесе, ақшасын қайтарамыз. Клиент қажетті құжаттарды алып келсе болғаны.
Құжаттың іс жүзінде әлі де орындалмай жатқанын «Ұлттық тұтынушылар лигасының» өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, сауда-саттықтан бөлек, ұялы байланыс пен коммуналдық қызметтерде заң бұзушылықтар шаш етектен.
Светлана Романовская, «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ президенті:
-Мәселен, лифтінің ақысы пәтердің көлеміне қарай төленеді. Сонда, 15 қабатта тұрып, жеделсатыны күнде қолданатын 1 бөлмелі пәтер тұрғындары, үшінші қабаттағы лифтіні мүлдем қолданбайтын 2 бөлмелі пәтер тұрғындарынан әлдеқайда аз төлейді. Бұл – әділетсіздік.
Әуе компанияларының қайтарымсыз билет дегендері де заңсыз. Жаңа талап бойынша, мекеме билет құнының тек 30 пайызын ұстап қала алады. Қалғанын қайтаруы тиіс. Қазір тұтынушылар лигасы осындай бассыздықтармен күресіп жүр. Дегенмен, заң талаптары сақталмаған жағдайда клиенттің өзі де шағымданғаны абзал. Өйткені, бір мәселе бойынша кемі 10 адамнан арыз түспесе, «Ұлттық тұтынушылар лигасы» да еш әрекет ете алмайды екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!