Алматыда көлігімен бала қаққан полицейлерге қатысты қызметтік тексеру жүруде
Алматыда полиция қызметкерлері патрульдық көлікпен бала қақты! 10 жасар оқушы жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан екен. Жоғары жылдамдықпен жүйіткіген полицейлер оны оңдырмай соғыпты. Аяғы морт сынған жеткіншек қазір ауруханада жатыр. Ал қызметтік көлікпен адам қаққандар жол ережесін бұзған басқа жүргізушінің ізіне түсіп, баланы байқамадық деп ақталуда. Десе де, куәгерлер оқиғаны басқаша суреттеп отыр.
Автор: Аруна Ортай
13.03.2017
-Оңбағандар, бұларың не? –Апа! –Апатай!
Шырылдаған баланың даусына маңайдағы жұрттың бәрі жеткен. Ал мектепке бара жатқан оқушыны басқа емес, полицейлер қызметтік көлігімен қағыпты. Балаға емес, бірден телефонына жармасқан тәртіп сақшылары тек оның тұра алмай жатқанын көрген соң барып, ауруханаға жеткізуге асығыпты.
-Тиіспеңдер оған! Тиіспеңдер! – Бері алып кел, скорыйға алып барамыз. Нүркен! –Көтермеңдер, сынған жері бар шығар?!Керек емес. Аяғы сынған ғой.
Қатты соққыдан баланың сол аяғы сыныпты. Ал куәгерлердің айтуынша, 4-ші сынып оқушысы ережені бұзбай, жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан. Тіпті бірнеше көлік тоқтап, жол берген де екен. Тек патруль көлігі тоқтамай өте шыққан. Мұнысын полицейлер қызмет бабы деп түсіндірді.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
-Патрульдық полиция қызметкерлері жол жүру ережесін өрескел бұзған автокөлік иесін қуу барысында жаяу жүргіншілер арнайы жолмен өтіп бара жатқан 10 жасар кішкентай баланы байқамай, нәтижесінде өкінішке орай оны қақты.
Бірақ полициядан қашқан көлікті куәгерлердің біреуі де көрмеген боп шықты. Оқиға кезінде аялдамада тұрған Фатима Гагиева басқа да оқушылардың болғанын айтады.
Фатима Гагиева, оқиға куәгері :
-Көз алдында баланың жолдан өтіп бара жатқанын қалай көрмеуге болады? Мұнда мектеп тұр! Балалар әрі-бері өтіп жатты. Соған қарамастан қағып кетті.
Есесіне, маңайдың бәрі толған жол белгі. «Назар аударыңыз, балалар!», жаяу жүргінші жолы деген ескерту белгілері қос-қостан қойылған. Оқушыны қаққан қызметкерлер одан қалды автобус жолағымен жүйіткіген. Бір емес, бірнеше баппен тергеуді бастап кеткендер, әзірге әріптестерін жұмыстан шеттетіпті.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
-Қайткенде де автокөліктің тізгінінде болған автожүргізуші заңнама аясында, заңның шеңберінде толыққанды жауап беретін болады. Қазіргі таңда олар тергеуге байланысты жұмыстан босатылды.
Полицейлер тіпті бала қағатындай суыт жүрістеріне себепкер болған жүргізушінің қандай ереже бұзғанын да айтқан жоқ. Есесіне, Ішкі істер департаментіндегілер қолымызға экипаж түсірген кадрлер бар деп отыр. Сол бойынша енді тізгіндегі полицейлерге қатысты нақты шешімдер шығарылуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!