Банкоматтан ақша ала алмаған тұрғындар шу шығарды
Шоттағы ақшасын ала алмай жүр! Еліміздегі екінші деңгейлі банк клиенттері осымен бірнеше күнге созылған қолайсыздықтарға наразы. Себебі, банкоматтан қолма-қол ақша ала алмай, қаржы аударымдары мен төлемдерді жүргізуден қалған. Бұны ұзаққа созылған техникалық жұмыстарға байланысты деп түсіндірді банкирлер. Дегенмен, қаржы ұйымдарына хакерлердің шабуыл жасалған деген де ақпарат бар.
Автор: Олжас Байжан
15.03.2017
Есеп-шотында ақша болса да, оны «Нұрбанктің» банкоматынан бірнеше күн бойы ала алмай жүрген азаматтардың бірі – Мұрат Шынасылов. Қолма-қол ақша дереу қажет болғанда тырығыққа тірелдім дейді ол. Ал банктегілер, мұның себебін мандытып түсіндіре алмапты.
Мұрат Шынасылов, Алматы қаласының тұрғыны:
-Банк техникалық ақау деп отыр. Бірақ СМС арқылы хабарлама берген жоқ. Ақша алуға да, аударуға да мүмкіндік жоқ.
Аталмыш банктың өзге клиенттері де осындай жағдайға тап болған. Яғни 12-ші наурыздан бері қолма-қол ақша ала алмай, карта арқылы төлемдері әлі қабылданбаған. Ал несиенің төлемін ғаламтор арқылы жасағандардың да ақшансы әлі шотқа түспепті. Алғашында, қаржы ұйымына хакерлік шабуыл жасалды деген ақпарат тараған. Бірақ банктің өзі бұны техникалық жұмыстармен байланыстырды.
Айгүл Қасенова, «Нұрбанк» АҚ баспасөз хатшысы:
–Ешқандай шабуыл болған жоқ. Қазіргі уақытта карточкалық операциялардың қауіпсіздік деңгейін арттыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Уайымдауға себеп жоқ. Клиенттер қолма-қол ақшаны «Нұрбанктің» кез келген филиалдарынан және бөлімшелерінен, сондай-ақ, біздің банкоматтардан ала алады.
Осы жағдай болардан бір күн бұрын еліміздің бірқатар екінші деңгейлі банктері өз клиенттеріне хабарлама жасаған. Олардың қатарында «Kaspi», «Halyk Bank», «Казкоммерцбанк», «Сбербанк» пен «Астаны банкі» бар. Сөйтіп, олардың біразы кибералаяқтарға төтеп беру үшін ақша аударымдарының сомасын шектеуге бел буған. Бірақ бұл банктердің кейбірі ғана хакерлердің шабуыл жасағанын мойындады. Негізі, бір ай бұрын да еліміздің компьютерлік оқыс жағдайларға қарсы әрекет ету қызметі интернет-банкинг қолданушыларының жеке деректеріне хакерлер шабуылының жиілегінін ескерткен болатын. Сондықтан Ұлттық банк пен бірнеше екінші деңгейлі қаржы ұйымдарына қауіпсіздік шараларын күшейту қажет екендігін айтыпты. Ал клиенттерге желіде нені істеуге болмайтынын тағы да қайталады.
Зиянды файл компьютерге мына тәсілдер арқылы түсуі мүмкін:
- сайтқа (URL) сілтемесі бойынша кіру,
- бұрын орнатылған (Downloader) зиянды бағдарламалар арқылы жүктеу,
- (USB, CD/DVD) сыртқы тасымалдауыштар арқылы.
Сондықтан өз компьютеріңізге немесе смартфонға вирусқа қарсы бағдарлама орнатып, интернет-ресурстың сенімділігі мен қауіпсіздігін тексеріп алғаныңыз жөн. Ең бастысы, банкоматты қолданар сәтте онда бөгде заттардың жоқ екендігіне көз жеткізіңіз және ешкімге картаның артқы бетіндегі СVV-кодты жария етпеу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!