Алматыда жас таланттар сайысқа түсіп жатыр
Жоғары оқу орындары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 200-ге тарта студент қатысуда. Вокалдық және дәстүрлі ән өнерінен бастап, дирижерлік хорға дейін қамтыған байқауға Тұңғыш президент қоры қолдау көрсетуде.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.03.2017
«Аспаптық орындаушылық», «композиция», «арт-менеджмент». Студенттердің пән олимпиадасы осы сынды 7 аталымнан тұрады. Биыл 9-шы рет өткізіліп отырған дәстүрлі шараға қатысушылар әдеттегіден көп жиналған. Ал пәндік олимпиада қаншалықты тартысқа толы болатынын ашылу салтанатынан-ақ байқай аласыз.
Шараға Тұңғыш президент қоры жылда демеу болып келеді. Ұйымдастырушылар жағы енді жоғары оқу орындарынан бөлек, орта және арнаулы оқу орындарының шәкірттері арасында да осындай пән олимпиадасын өткізуді қолға алып жатыр.
Жәния Әубәкірова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:
-Қазіргі Олимпиадаға тек қана жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысады. Олимпиадамен бірге тағы да орта оқу орындары мен олимпиада жасап жатырмыз, кіші олимпиада. Сонда бізге 500-600 адам қатысады, келеді.
Дәстүрлі ән әлеміне қатысты тағы бір жаңалық, қобыз аспабына арналған мынадай электрондық оқу құралы пайда болды. Онда қобыздың шығу тегінен бастап даңқты күйшілер, кең таралған, бұрын-соңды жарыққа шықпаған туындылар түгел қамтылған.
Мақсат Медеубек, жоба авторы:
-Қорқыттан бастап Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев аталарымызға дейін бері қарай мына Әбдіманап ағайларымыз бар, Батырхан Қосбасаров ағайларымыздан бері қарай осы бізден кейінгі жастарға дейін өмірбаяндарын кіргіздік. Сонымен аудио деген бөлім бар. Бұл жерде 23 қобызшының орындауында 180-ге жуық аудиоматериалдар, қобыз күйлері енген.
Бұл электрондық оқулық та Тұңғыш президент қорының қолдауымен жарық көріп отыр. 10 бөлімнен тұратын мобильдік қосымшадан қобыз әлеміне қатысты бүкіл деректі табуға болады. Оны қазірдің өзінде андроид және iOS платформаларына көшіріп алуға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!