{metadescription}
Елімізде дәрі-дәрмектің қымбаттауына кәсіпкерлер бір-бірін айыптап жатыр
Елімізде дәрі-дәрмектің қымбаттауына кәсіпкерлер бір-бірін айыптап жатыр

Елімізде дәрі-дәрмектің қымбаттауына кәсіпкерлер бір-бірін айыптап жатыр

Дәрінің бағасына дауа болмай тұр! Қажеттілігі азық-түлікпен пара-пар препараттар небәрі бір айдың ішінде жиырма пайызға дейін қымбаттап кеткен. Ал емдік шөпті шетелде емес, өз елімізде шығарып отырған фармацевтикалық компаниялар бағаны өсірмедік деп бастарын ала қашуда. Айтуларынша, ол алыпсатарлардың жымысқы әрекеті екен. Өткен айда ғана өзгерген бензин бағасын желеу еткендер енді дәріні дәріханаға тасығаны үшін бағасын өсіріп жіберіпті.    

Дәрінің өзі емдегенімен, бағасы бас ауруына душар етіп жүр. Препараттардың тағы қымбаттағанын естіген сырқаттар дәріханалардан көңілсіз шығуда.           

Ақмаржан Шәріпова, зейнеткер:

-Дәрі-дәрмек  өте қымбат. Зейнетақым 40-ақ мың. Оны жеткізе алмаймын. Дәрі алайын десем, дәріге ақшам жетіспейді.

Баға аймақтарда да өзгерген. Дәл түбінде дәрі шығаратын зауыттың барына қарамастан ақтөбеліктер оны жаңа бағамен сатып алып жатыр. Десе де, өндірушілер құнын өсірген біз емес деп азар да безер.               

Зеріп Ақбалаева, фармацевтика зауыты директорының орынбасары:

-Суық тигенде ішетін дәріні небары 180 теңгеге сатамыз. Бұл көтерме бағасы. Ал оның дәріханаға жеткенше құны 15-20 пайызға өседі. Себебі, ондағылар да пайда көргісі келеді. 

Дәрі жасаушылар қайта препараттарды неғұрлым арзанға сатуға тырысып жатырмыз дейді. Тіпті соңғы кездері жеңілдіктер де жасаған. Ал одан тек алыпсатарлар ғана ұтыпты. Арзанға алғаны былай тұрсын, бензиннің қымбаттығын желеу еткендер дәріханаларға жоғары бағамен жеткізіп жатыр екен. Тек тасымалы үшін теңге қосқандарға тиісті комитет тосқауыл бола алмай отыр.

Лариса Пак, ҚР ДСМ фармация комитетінің төрайымы:

-Бұған дейін айтқанымыздай бұл бизнес. Әр кәсіпкердің өз бағасын қоюға құқығы бар. Рас, алыпсатарлар фармацефтика саласында да жетіп артылады. Пайыз қосып, содан пайда тауып жүр.

Құрығымыз қысқа деген комитет тек тегін медициналық көмек аясындағы дәрілерге ғана бақылау жасаймыз деп отыр. Ал қалғандары бағаны қалауынша қоя береді екен. Тиісуге болмайтын тізімге 3 жарым мыңнан аса препарат енген. Басым бөлігі – жүрек, қан ауруларын мен сүйекті емдейтін дәрілер.   

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Жекеменшік дәріханалардағы сатылып жатқан дәрі-дәрмектің бағасын бекіту үшін біз біріншіден Заңға өзгерістер енгізуіміз керек. Осымен қазір Заң жобасы әзірленіп, әрі қарай біз жұмысты өткіземіз. Бірінші сәуірде осы мәселелні мемлекет тарапынан талқылап, әрі қарай енгіземіз деп ойлаймыз.

Заңға дәрі бағасын реттеуі тиіс өзгертулердің қашан енгізілетіні белгісіз. Десе де, бас дәрігер оны қалай де бекітемін деп бекініп отыр. Ал әзірге науқастар арзанқол дәрілерді ғаламтордан іздеуге мәжбүр. Ал олардың сапасы көбіне күдік тудырады.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде