Алматыда анимациялық фильмдер фестивалі өтіп жатыр
Балаларға базарлық! Алматыда Наурыз мерекесіне орай үздік анимациялық фильмдер фестивалі өтіп жатыр. «Меломан» компаниясы «Дисней» студиясымен бірлесіп әлемдік мультфильмдерді қазақ тілінде көрсетуде. Голливуд туындыларын кез-келген көрермен «Апорт» сауда және ойын-сауық орталығындағы «Стар Синема» кинотеатрынан сәуір айының соңына дейін тамашалай алады.
Автор: Диас Нұрақын
24.03.2017
Шытырман оқиғаларға толы шетелдік мультфильмдер кішкентай көрермендермен қайта қауышты. «Меломан» компаниясы әлемге әйгілі «Уолд Дисней» студиясымен бірлесіп танымал анимациялық фильмдерді қайта көрсете бастады. Атап айтқанда «Көліктер-2», «Батыл жүрек», «Моана», «Джунгли кітабы», «Галактика сақшылары», «Монстрлар университеті» секілді оншақты туындыны енді қазақ тілінде көруге мүмкіндік туып отыр. Мультфильмдер ана тілімізге өте сапалы дыбысталған. Ең бастысы – билет бағасы қымбат емес.
Низами Мамедов, «Меломан» компаниясының өкілі:
- «Дисней» компаниясымен бірлесіп, қазақ тіліндегі фильмдер фестивальін алғаш рет өткізіп отырмыз. Сондықтан барша көрермендерді әлемдік прокатқа шыққан он мультфильмді тағы бір мәрте тамашалауға шақырамыз. Билет бағасы аса қымбат емес. Бар болғаны 300 теңге.
Мультфильмдердің көрсетілім уақыты да көрермендер үшін қолайлы. Яғни бұл фестиваль негізінен балаларға арналғандықтан күндізгі сағат 10-нан кешкі тоғызға дейінгі аралықта күніне 5 анимациялық фильм көрсетілуде. Осы арқылы шара ұйымдастырушылары қазақ тіліндегі фильмдерге деген сұранысты арттырмақшы.
Әсел Қайырлыбаева, кинотеатр әкімшісі:
-Сұраныс өте көп. Балалармен келіп жатқан ата-аналар өте көп. Сайтымыздан көріп жатыр, телефон арқылы хабарласып кинотеатрымызға келіп жатқандар көп.
«Меломан» ұсынған мерекелік тарту сәуір айының соңына дейін жалғасады. Яғни голливудтың ең үздік он мультфильмін қазақ тілінде «Апорт» сауда және ойын-сауық орталығындағы «Стар Синема» кинотеатрынан көре аласыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!