Көктемгі тасқын Шығыс пен Солтүстікке қауіп төндіріп тұр
Биыл еліміздің Шығыс және Солтүстік өңірлеріне көктемгі тасқын қаупі төніп тұр. Қар жылдағыдан екі есе қалың түскен Семейдің екі бірдей ықшамауданы суға кетуі мүмкін. Өйткені күрт жылынса Ертіс өзенінің бетіндегі қалың мұз еріп үлгермейтін көрінеді. Ал Солтүстік өңірде 95 елді мекен қауіпті аймақтардың санатына жатқызылған. Бүгін аталған аймаққа еліміздің Ішкі Істер министрлігінің өкілдері барды.
Автор: Ұлан Нұрахмет
24.03.2017
Еліміздің Ішкі Істер министрінің орынбасары жұмыс сапары барысында қауіпті аймақтарды тікұшақпен аралап көрді. Шолу барысында белгілі болғандай, қаражат бөлініп, мамандар мен техника жеткілікті болса да жергілікті шенеуніктер қар шығарып үлгермеген. Петропавлдың шеткері аймақтарын қойып, орталығын өзін тазаланбапты. Ал, облыс әкімі қармен күрес – күрделі іс деген уәж айтады.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Мынау су баратын жолдарды ашып жатырмыз. Сондықтан халықпен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл ең біріншіден түсіндіру, ақпараттандыру. Үлкен су келетін болса, халық білу керек. Енді көреміз. Және біз өңіріміздің жартысын өтіп шықтық. Қар әлі аз емес.
Дәл осындай суға кету қаупі Семейдің Шығыс кенті мен Түйемойнақ аралында да басым. Себебі, Ертіс өзенінің бетіндегі мұз әлі ерімеген. Оның қалындығы 70 см құрайды. Сондықтан аяқ астынан су деңгейі көтерілсе, ернеуінен асып төңірекке жайылуы ғажап емес. Ал, апаттың алдын алу мүмкін емес деген құтқарушылар, осы жағдайға дайындалудамыз дейді.
Бақытбек Байбуров, Семей қаласы ТЖБ бастығының орынбасары:
-Техникалардың барлығы дайын. 55 адам мен 18 техника қарастырылған. Оның ішінде, қайықтар да бар. Ал, жерасты суынан зардап шегетін Қызыл Кардон және Дальний ауданы болып отыр. Қазір, ол жерде «Зеленый Строй» деген мекеме жұмыс істеп жатыр.
Жалпы, көктемгі тасқынының алдына алуға және қар шығару жұмыстарына қалалық бюджеттен 80 млн. теңге қарастырылған. Оның 15 млн. теңгесі жерасты суы көтерілген көшелердің суын тазартып, қажетті инерттік материалдар жеткізуге жұмсалмақ. Ал, мамандар Знаменка, Мұқыр ауылындағы су қоймасынан жұртқа төніп тұрған қауіп жоқ деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!