Алматыда заңсыз салынған дәмхананы сүру қайғылы аяқтала жаздады
Алматыда заңсыз салынған нысандарды қирату ісі жалғасуда! Сондай жұмыстардың бірі бүгін қайғылы боп аяқталуға сәл қалды. Дәмхананы бұзуға келген сот орындаушылары мен оларға қарсылық білдірген жұмысшылар қиранды астында қалып қоя жаздаған. Ал қоғамдық тамақтану орны заңсыз тұрғызылған екен. Иелері алдын-ала ескертуді құлаққа ілмегендіктен, нысан көптің көзінше мәжбүрлі түрде тас-талқан етілді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
27.03.2017
Аты дардай Дінмұхаммед Қонаев атындағы халықаралық қорға тиесілі дәмхананың жұмысы бүгін қалыпты басталған. Қонақ арылмайтын жерде әдеттегідей үстел толы тамақ. Тек мұндағы тыныштықты арнайы техникамен бірге келген сот орындаушылары бұзды. Сөйтіп, көп ұзамай нысан жермен-жексен етіле бастады. Ал, сол қиранды астында дәмхана жұмысшылары мен сот орындаушыларының өздері қалып қоя жаздады.
Жылдар бойы жұмыс істеп келген дәмхананың заңсыз тұрғызылғаны анықталыпты. Нысанның бірқатар құжаттары жоқ. Әрі ол салынған жерді жалға беру мерзімі 1 жыл бұрын аяқталған.
Олжас Төлебаев, Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы:
-Жоспардан тыс тексеру кезінде аталған мекен-жай бойынша заңсыз құрылыс салынғаны анықталды. Жер телімін жалға беру мерзімі өтіп кеткен болатын.
Сондықтан шенеуніктер дәмхана иелерін сотқа беріпті. Ал 1 ай бұрын оны бұзу туралы шешім шыққан. Бірақ мұндағылар бұл шешіммен де келіспейтін сыңайлы. Дәмхана иелеріне нысанды өз еріктерімен бұзу үшін уақыт та беріліпті. Бірақ олар жұмыстарын алаңсыз жалғастыра берген. Сондықтан «Компотты» күштеп қиратудан басқа амал қалмады дейді сот орындаушылары.
Рахым Орынбаев, мемлекеттік сот орындаушысы:
-Осы уақытқа дейін ескерту хат бергенбіз, осы ғимараттың иелеріне. Бірақ, олар өз еріктерімен орындау туралы ешқандай шара қолданып отырған жоқ.
Ақыры көптің көзінше жермен-жексен етілген дәмхананың қызметкерлері болса, аяқасты жұмыссыз қалғандарына қапалы.
Асланбек Қадыржан, даяшы:
-Білдік. Бірақ дәл бүгін болатынын білген жоқпыз. Жұмысшылардың бәріне қиын болады осы жер жабылса.
Қала орталығындағы мына сауда үйінің алдыңғы бөлігі де заңсыз салынған. Қазір мұнда да бұзу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тек оны сот орындаушылары емес, шенеуніктердің сөзін екі етпеген кәсіпкердің өзі жасауда.
Оңғарбай Балкебайұлы, сауда үйінің иесі:
- Қазіргісі дұрыс шынында. Қаланың барлық жері қисық. Мен осыны бірнеше рет айттым. Сол күннен бастап жығып, жөндеп тастадым.
Қалалық сәулет-құрылыс басқармасындағылар осындай заңсыз нысандарды шетінен сотқа беріп жатыр. Әрі қазір қалада коммерциялық мекемелердің қоршаулары қиратылуда. Өйткені олардың көбі мемлекетке тиесілі жерге орнатылған. Бұған қоса, Алматының Арбатындағы өзге нысандарды да тексеріс күтіп тұр дейді шенеуніктер. Ал бүгін бұзылған дәмхананың орнына не тұрғызылатыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!