Батыс Қазақстан облысында тұтас бір елді мекенді су алып жатыр
Пойма ауылындағы тұрғын үйлердің ауласына жиналған ылғал қора-қопсыларды құлатып үлгеріпті. Енді жұрттың баспанасына жетуге сәл қалған. Ал ауылдың белшеден су кешуіне ауа райының күрт жылынып, қалың қардың еруі себеп. Жауын-шашын да жығылғанға жұдырық болып тұр. Қазір оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеуде. Десе де, тасқыннан шығынға батып үлгерген жұрттың бұған көңілі толмай отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
28.03.2017
Пойма ауылының тұрғындары таңертең айналаның тағы да су астында қалғанын байқаған. Көктем келсе басталатын бұл көрініс мұндағыларға таңсық та емес. Десе де, бұл жолы жағдайдың ушығып кететін түрі бар. Өйткені биыл мұнда қар қалыпты мөлшерден екі есе көп жауған.
Елена Бондарь, Пойма ауылының тұрғыны:
-Бөгетіміз ашық тұр. Оған ешкім мән беріп те жатқан жоқ. Бәрін су шаяды. Бау-бақшаны босқа егеміз. Тіпті, көпірлер мен машиналар да су астында қалып жатады. Тасқын салдарынан әрі-бері қозғалу да мүмкін емес.
Клара Қалмағамбетова тасқын салдарынан шығынға да батып үлгерген. Апат оны таңертеңнен әбігерге салыпты. Аулаға жиналған топан су қорасын басып, артынша оны құлатып тастаған.Енді қорадағы малын құтқарып үлгерген әйелдің баспанасына қауіп төніп тұр. Өйткені қар суы үйінің алдына жетіп қалған. Амалы қалмаған, тұрғындар апатпен өздерінше күресуге де тырысыпты. Алайда шамасы келмей, атқамінерлерден көмек сұрауға тура келген.
Клара Қалмағамбетова, Пойма ауылының тұрғыны:
-Қорам құлап қалды. Қойлардың қорасы. Түнде лақтарымды, қошақандарымды қоятын қора құлап қалды. Енді қайда қоямын қошақандарды. Бұл су бүгін кетпейді. Ешқандай көмек жоқ.
Биліктегілер мұнда тасқынның бұған дейін де болғанын жасырмады. Бірақ дәл осылай құрылыс қирайтындай жағдайға жетпеген екен. Шенеуніктер жағдайға апаттың алдын алмаған тұрғындардың өздерін кінәлайды.
Любовь Есқалиева, Ақсуат ауылдық аймағының әкімі:
-Бірнеше жылдан бері су кіреді. Арт жақтан қар мен су келіп, толып кетеді. Енді ондай көмек берілмейді. Әркім өзінің ауласын тазалауы керек.
Десе де, қазір ауылда жедел бригадалар мен арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Ал алдағы жағдай ауа райына байланысты. Сондықтан жұрттың кез-келген жағдайға сақадай сай болғаны абзал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!