Ақтаулық келіншек төрт жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлады
Өйткені, ақ халаттылар кішкентай Богданға дер кезінде диагноз қоя алмаған көрінеді. Баланың аяғы ісіп, кіші дәретінен қан кеткенде ғана ауруханаға қабылдады дейді ашынған ана. Ал, аурухана басшылығы қашанғыдай өздеріне шаң жуытқан жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.03.2017
Ұлынан айрылып, қара жамылған бұл келіншектің енді дәрігерлерге сенгісі жоқ. Осыдан он күн бұрын шауып жүрген төрт жасар Богданының үстіне қызыл жара қаптайды. Артынша қызуы көтеріліпті. Шақырған жедел жәрдемдегілер балаларда жиі кездесетін желшешек екенін айтып жөндеріне кеткен. Олар жазып берген дәріден шипа болмаған соң 3 күн қатарынан учаскелік педиатрдан бастап, балалар ауруханасына дейін барыпты. Тек бүлдіршіннің дерті дендегенде дәрігерлер мойын бұрды дейді анасы.
Александра Емельянова, Богданның анасы:
-Кіші дәретінен қанды көріп шошыдық. Үшінші күні аяғы ісіп тұра алмай қалды. Оны жалынып жүріп ауруханаға жатқызғанымызбен, жарасын таңатын дәке де таба алмай сандалды. Бәрін үйден жеткіздік.
Шетінеген бүлдіршіннің туыстары дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймағанына сенімді. Өйткені алғашқыда хирург баланың аяқ-қолы ісіп, денесі қызаратын тілме деген дерт болуы мүмкін деп болжапты.
Андрей Емельянов, Богданның нағашысы:
-Тілмемен ауырғанда Вишневский майын қолдануға болмайды екен. Ал хирург болса іскен аяқты сонымен ысқыла деді бізге. Ауруды осы май қоздыратынын қалай білмеген?
Баланы емдеуге әзер алған жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері өздеріне шаң жуытпай отыр. Дегенмен, өлімнің нақты себебін түсіндіре алмады.
Маржан Мұхаметова, Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Енді бала өлімінің неден болғанын тек сараптама көрсетеді. Соның қортындысын күтеміз.
Қара жамылған отбасы дәрігерлер мен аурухана басшыларына қатысты Ішкі істер департаментіне арыз түсірген. Енді олар жедел жәрдемнен бастап жаппай тексеру жүргізбекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!