Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер қазақ тілінен сынақ тапсыруы мүмкін
Ата заң, қазақ тілі мен қазақ тарихын жатқа білетіндер ғана азаматтық алуы тиіс. Елімізде жұмыс істеп жүрген мигранттар мен босқындарға, жалпы шетелдіктерге Қазақстан төлқұжатын бермес бұрын жаппай емтихан тапсыртқызу жайы бүгін Мәжілісте қозғалды. Соғыс болып жатқан мемлекеттерден жақында Қазақстанға да босқындар ағылуы мүмкін екен. Сондықтан, миграциялық дағдарыстың алдын алуға қазірден қамдану қажет дейді депутат Азат Перуашев.
Автор: Жәудір Оразхан
29.03.2017
Азат Перуашевтың алаңдауына негіз бар. Өйткені соңғы жылдары елімізде еңбек етіп жүрген шетелдіктердің саны артқан. Қазақстанға жұмыс істеуге келген мигранттардың қатарында әсіресе, Қытай азаматтары өте көп. Қазір 12 мыңнан астам қытай басшылық орындарда немесе бас маман сынды қызметтер атқаруда. Түркия, Өзбекстан, Ұлыбритания мен Үндістаннан келген мигранттар да жетерлік. Олардың арасында Қазақстан азаматтығын сұрап, тіпті алып үлгергендері де аз емес. Шетелдіктерге енді азаматтықты бермес бұрын, жаппай тесттен өткізейік дейді депутат.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
Атап айтқанда, Конституциядан, Қазақстанның мәдениеті мен тарихы және мемлекеттік тілден сынақ тапсырсын.. Бұл ұсыныс ешкімді кемсітпейді. Олардың халқымыз бен мемлекетімізді құрметтеуіне тура келеді.
Яғни, кез-келген шетелдік азаматтық алып, Қазақстанда тұру үшін ең алдымен қазақтың тілін, тарихын білуі тиіс. Еңбек мигранттарынан бөлек, бұл қатарға босқындар да қосылмақ. Перуашевтың айтуынша, Ауғанстан, Сирия сынды қақтығыс болып жатқан мемлекеттердің азаматтары жақында Қазақстанға да ағылуы мүмкін. Ол кезде миграциялық дағдарысқа қарсы күресу кеш болады. Бұл ретте, мәжілісмен қаптаған босқынды игере алмай жатқан Еуропа елдерін мысалға келтірді.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
-Былтыр жаңа жылдың қарсаңында Германияда мигранттар ондаған қыз-келіншекті зорлаған. Одан басқа да ойға сыймайтын масқара оқиғалар болды.
Қазірдің өзінде елімізді паналап жүрген босқындар бар. Солардың бірі Сирия азаматы Ясер Альезалдин 5 баласымен Теміртауда тұрып жатыр. Әйелі Қазақстанда туған екен. Азаматтық алуға өтініш беріп қойған Ясер тесттен қашпаймын дейді.
Ясер Альезалди, Сирия азаматы:
-Меніңше, адам тұрып жатқан елдің тарихын, заңын білу керек. Мен оған қарсы емеспін. Қазақстанға көшіп келгенімізге екі жыл болды. Төлқұжат беру үшін әкімдік сотталмағаным туралы анықтама сұрап отыр. Бірақ соғыс болып жатқан Сириядан ондай құжат алу қиын.
Ал азаматтық алуға арналған емтиханнан бюджетке бір тиын да шығын келмейді екен. Сынақ ақылы болады. Жалпы мұндай тәжірибені дамыған елдер де қолданады. Мәселен, көрші Ресейде еңбек мигранттары да орыс тілінен тест тапсыруы тиіс .
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!