Қарағанды облысының шаруалары арзан жанармайдан қағылуы мүмкін
Қарағанды облысының диқандары алдағы егіс науқанында жеңілдетілген бағамен берілетін жанармайдан қағылуы мүмкін. Өйткені өңірге дизель отынын жеткізетін компания биылдан бастап оны Қарағанды қаласынан ғана тарататын болған. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарына жанармайды наурыз, сәуір және мамыр айларында үшке бөліп сату тәртібін орнатыпты. Шаруалар болса, көлік отынын облыс орталығынан шалғай аудандарға тасымалдау тіимсіз екенін айтуда.
Автор: Саят Сабдалы
30.03.2017
Шаруа қожалықтарының басшылары ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңа ережесі ақылға қонымсыз дейді. Өйткені жылда жанармай тасымалдайтын жергілікті операторлар бағаны төмен қойса да, байқаудан шет қалған. Олар литріне 120 теңгеден сатуды ұсынса, биыл мұнайға ететін компания диқандарға өнімін 123 теңгеден өзі сататын болыпты.
Ерлан Оспанов, шаруа қожалағының иесі:
-Алматылық «Петролеум Оперейшн» компаниясы бағаны 123 теңгеден қойған және Қарағандыдан өздерің үшке бөліп алып кетіңдер деп отыр. Бұл диқандарға әдейі жасалған қиянат деп түсінбеске шара жоқ.
Жоғары бағадан бөлек, жанармайдың облыс орталығынан таратылатыны шаруаға жайсыз тиетін түрі бар. Өйткені төсінен қар кетпеген арқа жолдары әзір жүруге де келмейді. Ал дизель отынын үш қайтара тасымалдау шаруаны шаш етектен шығынға батырады.
-Мынау аудан орталығындағы ең ірі деген шаруа қожалығында бар цистерналар. Бұдан 200, 300 немесе 400 шақырым жердегі шаруа қожалықтарының барлығында мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан жеңілдетілген жанармайды қаладан тасығанша жергілікті бекеттен сатып ала салғанымыз жақсы дейді жаңа ережелердің талаптарын жақтырмаған шаруа қожалықтары.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бұл жағдайдан хабардармыз дейді. Дегенмен, түйткілді шешетін дәрмендері жоқтығын аңғартады.
Юржан Бекқожин, Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Түсінбеушіліктер болып тұр. Олар Қарағандыдан келіп қана аласыңдар дейді. Ол шаруаны шешуге тырысамыз. Бүкіл әкімдер де атсалысып жатыр. Министрлікке хат жаздық.
Ал жанармайды уақтылы алып кете алмағандар сол айдағы үлестерінен қағылады екен. Диқандар оны үшке бөліп беріп әуре-сарсаңға салудың түп-төркіні жемқорлықта деп болжайды. Сондықтан олар облыстағы алаяқтықтың исі аңқыған жайтты айтып, прокуратураға арыз түсіріпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!