Семейде қар суы үйлерге кіріп қабырғаны құлатты
Семейде екі бірдей ықшам аудан су астында қалды. Күн күрт жылығандақтан қыс бойы шығарылмаған қар еріп, қызыл су көшелермен бірге, үйлерге де кіріп кеткен. Дүние-мүлік суда қалқып, ылғалдан қабырғалар да сөгіле бастапты.
Автор: Ұлан Нұрахмет
30.03.2017
Құлаған үйлер, су бетінде қалқып жүрген жиһаздар. Су басқан Семейдің кейбір ықшам аудандарындағы көрініс осы. Бұл үйлердің тұрғындары пәтер жағалап, безіп кеткен. Өйткені, баспаналар суға толып, құлаудың аз-ақ алдында тұр.
Бибігүл Жұмағалиева, Семей қаласының тұрғыны:
- Бәріне хабар бердік. Ешкім келмеді. Міне, үйдің қабырғасы құлап жатыр.
Зар қақан жұрт көктемде топан судың астында қалатындарын біліпті. Себебі, көшелеріне қыс бойы қар тазалайтын техника жуымаған.
Надежда Плотникова, Семей қаласының тұрғыны:
-Қар қалың болды. Оны ешкім тазартқан жоқ. Міне, толық еріп үлгерместен су астында қалдық. Ал, ана үйілген қар жаңбыр жауып ерісе мүлдем масқара болады. Күнде Құдайға сыйынып ұйықтаймын.
-Ал, мынау Дальний ықшамауданы. Мұнда да еріген қар суы оншақты үйдің ауласына жайылып кеткен. Бүгінде жұрттың жертөлелері көлкіген қызыл суға толып тұр. Мамандар, сусорғыш құрылғыны орнатқанымен, үш күннен бері тазартып үлгеретін емес.
Апатты аймақта жүрген құтқарушылар жергілікті билік жауапсыздығының өздеріне жүк болғанына ызалы. Бүгінде олар жедел штаб құрып апат салдарын жоюға көшкен. Ал, үйсіз қалғандарға уақытша баспана жағынан жәрдем беруі тиіс шенеуніктер әзірше бәрін реттейміз дегеннен әріге бармады.
Нұржан Есенжолов, Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
-Кирпичный көшесі бойынша өтініш түсті. Сол тұрғындардың біраз бөлігі мәжбүрлі түрде көшіп кеткен. Біз шлак апардық. Олар қажет қылмады. Өйткені, оны жаятын адам жоқ екен. Сондықтан ол мүмкіншіліктерді қарастырамыз.
Осы кезге дейін қар шығаратын техникалар орталық көшеден босамағанын атқарушы билік өкілдері мойындауда. Сондықтан су басқан аймақтардағы қарды тыным таппай тазалап тастауға енді кірісіп жатыр. Ал, оған дейін семейліктерге сирағынан келген суық суды кеше тұруға тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!