БҚО-да жантүршігерлік жол апатын жасаған депутат марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады
Батыс Қазақстан облысында Мәслихат депутаты 2 адамның өліміне себепкер болды! Қымбат джип мінген Қайдар Қошанов ережені өрескел бұзып, жол апатын жасаған. Мән-жайды қазір тәртіп сақшылары анықтап жатыр. Ал оқыс оқиғадан қаза тапқандар бүгін жер қойнына тапсырылды. Әзірге бостандықта жүрген депутат болса, қара жамылған отбасыдан кешіріп сұрап та үлгеріпті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
31.03.2017
Жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың бірі - 22 жастағы Вячеслав Лопухин. Ол депутаттың жол талғамайтын көлігі келіп соққан «Приораның» тізгінінде отырыпты. Апат салдарынан жігіттің өзі де, қасындағы 63 жастағы әжесі де сол жерде бақилық болған.
Максим Иртикеев, Вячеслав Лопухиннің ағасы:
-Ауруханаға келгенімде, дәрігерлер қаралы хабар жеткізді. Вячеславтың жүрегі тоқтапты. Олар барынша күресті. Бірақ аман алып қалу мүмкін болмаған. Ар жағы айтпаса да түсінікті.
Бір күнде 2 бірдей жақынынан айрылып, қара жамылғандар бұған әлі сенер-сенбесін білмейді. Бүгін марқұмдардың туыстары мен дос-жарандары оларды ақтық сапарға шығарып салды. Апат 2 күн бұрын болған. «Лэнд Круизер-200» маркалы джип мінген Мәслихат депутаты Қайдар Қошанов қиылыста басты жолмен келе жатқан жеңіл көлікке жол бермей, жанынан оңдырмай соғыпты. Артынша қос машина жол жиегінде тұрған «Аудиге» барып соғылады. Оның жүргізушісі де зардап шеккен. Ал, апатқа себепкер болған депутат өз кінәсін толықтай мойындапты.
Владимир Лопухин, Вячеслав Лопухиннің әкесі:
-Баламның өліміне себеп болған адамды ауруханада көрдім. Ол бар кінәсін мойындады. Ештеңеден бас тартқан жоқ. Менің балам жазықсыз.
Қайдар Қошанов депутаттығымен қоса, ірі құрылыс компаниясының құрылтайшысы. Ал, 2 адамның өмірін жалмаған апатқа қатысты полиция нақты ештеңе айта алмай отыр. Тек, мән-жайдың анықталып жатқанын жеткізді.
Әсел Бедрова, БҚО ІІД баспасөз қызметкері:
- Осы жол-көлік оқиғасы бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. 345 баптың 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ал, депутаттың өзімен байланысу мүмкін болмады. Әзірге Қошанов қолхатпен бостандықта жүр екен. Дегенмен, екі адамның өлімі үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!