{metadescription}
Қазақстан «KazSat-2»-ден айырылып қала жаздады
Қазақстан «KazSat-2»-ден айырылып қала жаздады

Қазақстан «KazSat-2»-ден айырылып қала жаздады

Бүгін Қазақ елі екінші KazSat-тан да айырылып қала жаздады. Онымен байланыс таңертең үзілген болатын. Оның салдары отандық байланыс операторлары мен телеарналарға тиді. Ғарыш аппаратын дереу қалыпына келтіруге сол KazSat-ты құрастырған ресейлік мамандар көмектескен. Сөйтіп, телекоммуникациялық жер серігінің жұмысы түстен кейін қайта қалпына келтірілді.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бүгінгі жұмыс күні қарбаласпен басталды. Себебі таңғы 8:22-де KazSat-2 жер серігімен байланыс үзілген. Оның себептері нақтыланып жатқанда, салдары бірден байқалды.

-«KazSat-2» ғарыш аппаратының ресурстарын Қазақстан Республикасының байланыс және телехабар тарататын 13 операторы пайдаланады. Қазіргі уақытта олардың жұмысы тоқтатылды. Енді Республикалық ғарыштық байланыс орталығының мамандары жер серігін қалыпты жағдайға келтіру үшін жұмыс істеп жатыр.

KazSat-2 негізінен Орталық Азия мен Ресей аумағында телехабар таратудың сапасын көтеруге бағытталған. Ал оқыс жағдайдан кейін отандық байланыс және телехабар тарататын мекемелер шұғыл KazSat-3-ке ауыстырылды. Бірақ жер серігіне тікелей қосылған "OTAU  TV" мен кейбір байланыс операторлары қиын жағдайда қалыпты.

Алексей Бендзь, ұялы байланыс операторының өкілі:

-КазСат-2-де  бізге тиесілі құралдардың бір бөлігі болған. Қазір байланыс үзілгендіктен кейбір базалық станциялар эфирден тыс қалды. Олар шалғайдағы елді мекендерді қамтып отырған. Бұл аймақтарға байланыс жер серігі арқылы беріледі. 

Қазақстандық мамандарға ресейлік әріптестері қол ұшын созған. KazSat-2-ні құрастырған Хруничев атындағы ғылыми-өндірістік орталық ғалымдары байланыстың толық үзілмегенін алға тартты. Сондықтан оны қалыпқа келтіруге мүмкіндік бар екеніне сенімді еді.

Александр Шмыгов, М.Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының баспасөз хатшысы:

-Ақауды жою үшін қажетті шаралар қолға алынды. Ғарыш аппаратын басқару республикалық ғарыш орталығынан іске асырылады. Аппаратты біздің мамандар құрастырған, сондықтан оны қалпына келтіруге тырысамыз.

Расымен де қалпына келтірді. KazSat-2-мен 7 жарым сағаттан кейін байланыс орнады. Аталған жер серігіне қатысты осыған ұқсас жағдай 2015 жылдың 30 маусымында да болған. Ол кезде жер серігі 17 сағаттан кейін табылған еді. Ал 2006 жылы ұшырылған бірінші KazSat-тан 2008 жылы мүлдем айырылғанымыз есте. Сөйтіп, 8 миллиардтай теңге желге ұшқан болатын. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде