Алматыда болашақ өнер жұлдыздарына жол ашатын ерекше кеш ұйымдастырылды
Яғни Тұңғыш президент қоры өз лауреаттарының қатысуымен концерт өткізді. Аталмыш шараға қор грантының иегерлері мен стипендианттары атсалысқан. Дәстүрге айналған концертте осыған дейін үлкен сахнада бой көрсеткен өнерпаздармен қатар жас таланттар да өнер көрсетті. Бұл шара «Наурыз, көктем, жастық!» деп аталады.
Автор: Олжас Байжан
03.04.2017
Тұңғыш президент қорының стипендиялары мен гранттарының иегерлері, сондай-ақ түрлі жобаларға белсене атсалысқандар көрермендерге тың концерттік бағдарлама ұсынған. Жұрт алдына шыққандардың есімі болашақта елге танылуы да әбден мүмкін. Қазір лауреат атағымен мақтана алмаса да, оған қызығушылық танытқандар қатары қалың екен.
Әлібек Әлмәдиев, жас әнші:
-Қатысқаныма өте қуаныштымын. Бүгін мен француз тілінде ән орындамын.
Аталған қор жыл сайын 40 жасқа дейінгі талант иелері арасында байқау өткізуді дәстүрге айналдырған. Жастарға шетелдік гранттар, шығармашылық жобалар бойынша қолдау, студенттік стипендиялар мен қор сыйақысы беріледі. Бірақ ол үшін жүзден жүйрік болу керек. 16 жасынан бері ән шырқап келе жатқан Мерей Зейнеш тек елімізде өтетін байқаулардан ғана емес, шетелдік сындардан да сүрінбей өткен. Соңғы жетістігі – Нью-Йоркте өткен халықаралық заманауи музыка фестивалінде топ жарған. Ол 16 мемлекет арасында Қазақстанның үздік екенін дәлелдеді.
Мерей Зейнеш, жас әнші:
-Сол жерде гран-при алып, қайттым үйге. Бүгін осы концертке келгеніме өте қуаныштымын.
Осы концерт барысында Тұңғыш президент қорының лауреаты атағын белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің де иеленгені айтылды. Оның қазір Қытайдағы «Мен әншімін» байқауында жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқаны мәлім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!