Атырауда жағымсыз иіске тұншыққан халық шу шығарды
Ыспен тыныстап отырмыз! Атырау мұнай өңдеу зауытының іргесінде орналасқан Перетаска ауылының тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Бұл елді мекеннің көп бөлігі аталған кәсіпорынның санитарлық қорғау аймағына еніп кеткен. Осыған байланысты ауыл халқы қоныс аудару керек екен. Алайда мұндағы тұрғындар түгел көшірілмейтін болып шықты. Жұртта қалғандар жергілікті шенеуніктердің бұл шешімін енді түсінбей әлек.
Автор: Жанар Низамутдинова
03.04.2017
Мұнай өңдеу зауыты аумағының кеңеюіне байланысты ауылдың көшірілетінін әкімдік 2013-ші жылы-ақ ескерткен. Бүгінде 159 отбасының 144-і буынып-түйініп, көшке дайындалуда. Бірақ арнайы комиссия 15 түтінді жұртта қалдыру туралы шешім қабылдапты.
Зауыттан шығатын жағымсыз иістен дем алу тіпті мүмкін емес дейді тұрғындар. Ал Атыраудың ми қайнатар ыстығында жағдай тіпті ушығып кетеді екен. Ол кезде есік-терезе ашпақ түгілі, далаға шығу мұңға айналады.
Қағаз Қарабалиева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Таңертең тұрасың, сасып тұрады факельдің иісі. Қалай өмір сүреміз енді? Бізді көшіргені жақсы, сосын үй салайық десек, салдырмайды, көшесің деп айтады.
Зауыт тарапы Ресейден маман шақырып, санитарлық қорғау аймағының картасын жасатқан екен. Содан соң қалалық әкімдікпен бірігіп құжатты бекітіпті. Сонда 15 үй «қызыл аймаққа» кірмей қалған. Енді мөр басылып, бекітіліп кеткен дүниені өзгерте алмаймыз деп отыр басшылар.
Марат Байғожин, Атырау мұнай өңдеу зауытының өкілі:
-Тізімге ілінбей қалған 15 отбасының арызы бойынша айтарымыз – олар «қызыл аумаққа» енбейді, яғни оның сыртында орналасқан. Және қазіргі кезде бұл тұрғындарды көшіру немесе оларға өтемақы төлеу мәселесін біздің зауыт та, жергілікті әкімдік те қарастырып жатқан жоқ.
Жергілікті әкімдіктің де айтар уәжі осыған саяды. Тек осы уақытқа дейін келіп тұрған су мен жарықты ажыратпаймыз деп уәде етіп отыр. Айта кетейік, «қызыл аймақтан» тұрғындарды көшіру үшін зауыт 2 миллиард 821 миллион теңге бөліпті. Көшіру жұмыстары осы жылдың маусым айында толық аяқталмақ. Ал жұртта қалатын мынау тұрған 15 үйдің тұрғындары енді облыс әкіміне шағымданамыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!