Алматыны тағы да қызыл су басуы мүмкін
Өйткені шаһарда еріген қар мен жауын суы ағатын арықтар жеткіліксіз. Әсіресе, қалаға жаңадан қосылған елді мекендерде су ағар деген атымен жоқ. Мәселені түбегейлі шешу үшін тағы 450 шақырым арық салу керек дейді қала билігі. Бірақ оған бюджеттен көк тиын да бөлінбеген. Атқамінерлер тек бар арықты жанталасып тазалауда. Алайда кейбір көшелерде олар әлі де күл-қоқысқа көміліп жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
03.04.2017
Былтыр нөсерлі жауын мен еріген қар суынан қала көшелері көлге айналған болатын. Одан бері бір жыл өтсе де, мәселенің шешімі табылмапты. Керісінше тасқын қаупі атқамінерлерді тығырыққа тіреп отыр. Өйткені Алматыға жаңадан қосылған елді мекендерде су ағатын арықтар атымен жоқ. Ал апаттың алдын алу үшін кем дегенде 450 шақырым арық салу керек дейді әкімдіктегілер. Бірақ оған биыл қаражат қарастырылмаған.
Александр Сергеев, Алматы қалалық Табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:
-Қаладағы барлық арықтарды тексеріп шықтық. Су басу қаупі бар 65 аумақ анықталды. Ал жаңадан қосылған аудандарда арық жүйесі мүлдем жоқ. Сондықтан биыл 78 шақырым су ағар салуға құжаттар әзірленуде. Әзірге 20 көшеге арық салуды жоспарлап отырмыз.
Алматыда бас-аяғы 1200 шақырым арық жүйесі бар екен. Оның 900 шақырымы аудандық әкімдіктерге тиесілі. Атқамінерлер соның барлығын тазалап шықтық дейді.
-Алайда қала көшелерінен көмейі бітеліп, күл-қоқысқа толған арықтарды әлі де көптеп кездестіруге болады. Мәселен, мынау Алматының беткеұстар әл Фараби даңғылының бойына салынған арықтың сиқы. Басы бар да, аяғы жоқ. Алда-жалда мына бұлтты күннің соңы ақ жауынға ұласып кетсе, қаланың ең көрікті жерлерінің бірін ми батпаққа айналдырайын деп тұр.
Қызыл судан біржола құтылу үшін қалада үлкен тоғандар салу керек дейді ғалымдар. Осы арқылы арқырап аққан жауын суын Есентай, Кіші Алматы өзендеріне қосып жіберуге болады екен. Мамандар көше бойындағы арықтардың көлемін ұлғайтып, түбін тереңдетуді де ұсынып отыр.
Меңлібай Мырзахметов, техника ғылымдарының докторы:
-Қаладағы арық жүйелері нөсерлі жауынға арналмаған. Оған былтыр көзіміз жетті. Биыл да Алматыны су баспайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан әкімдік су ағатын тоғандар салуы керек. Бұл мәселе осыдан үш жыл бұрын қолға алынған еді. Бірақ кейін жоспар аяқсыз қалды.
Аяқсыз қалған бұл жоспарды әкімдік қайта қарауға мәжбүр. Өйткені былтырғы су тасқынынан кейін қалалық сәулет басқармасы тоған салуды қарастырып жатыр екен. Бірақ – бұл шығыны үлкен жоба. Сондықтан оның нақты қашан пайда болатыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!