Әблязовтың сыбайластары айыптарын мойындады
Мұхтар Әблязовқа қатысты сотта 200-ден аса куәгерден жауап алынбақ! Бүгін Алматыда БТА банкінің бұрынғы басшысы мен оның үш сыбайласына қатысты негізгі сот отырысы басталды. Бірнеше жылдан бері шетелде бой тасалап жүрген қашқын олигархтың ісі сырттай қаралуда. Ал оның үш сыбайласы айыпталушылар орындығында отыр. Олар қылмыстық топ құрып, 7 жарым миллиард доллардан астам ақшаны жымқырды деп айыпталған. Бұған дейін ұрланған ақша ішінде халықтың зейнетақы қорына жинаған қаржысы да бар екені айтылған болатын.
Автор: Диас Нұрақын
03.04.2017
Мұхтар Әблязовтың мәселесін қарау Мартбек Кәкімжановқа сеніп тапсырылыпты. Алайда судья қашқын банкирді тек сырттай соттауға мәжбүр. Өйткені басты айыпталушы бірнеше жылдан бері шетелде бой тасалап жүр. Оған қылмыстық топ құрды, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды, банк қаражатын заңсыз жұмсады, қызмет бабын асыра пайдаланды және қылмыстық жолмен келген қаржы мен мүлікті заңдастырды деген алты бап бойынша айып тағылуда. Енді үш бірдей прокурор осының барлығын сотта дәлелдеп шығуы тиіс. Бүгін олар айыптау қорытындысын кезектесіп оқып, БТА банкін тақырға отырғызып кеткен олигархтың әрбір әрекетін жіпке тізгендей айтып берді.
Еркін Баймағамбетов, мемлекеттік айыптаушы:
-Мұхтар Әблязов БТА банкке келген күннен-ақ ақша ұрлауды жоспарлаған. Мейлінше көп қаражатты жымқыру үшін ол алдымен банктің капиталын көбейтіп, салымшылар мен шетелдік қаржы ұйымдарынан ірі көлемде инвестиция тартқан. Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін қол астындағы қызметкерлермен сыбайласқан.
Сол сыбайластары қазір айыпталушы орындығында отыр. Барлығы БТА банктің бұрынғы топ-менеджерлері. Жақсылық Жарымбетов, Қайрат Садықов және Сәдуақас Мәмеш өзіне тағылған айыптарды ішінара мойындайды екен. Бірақ үшеуі де бет-жүздерін камера алдында көрсетуге үзілді-кесілді қарсы.
-Айыпты ішінара ғана мойындаймыз.
Тергеу материалдарына сай, ақша ұрлауға Әблязовтың күйеу баласы да бір кісідей атсалысқан екен. Яғни қылмыстық жолмен келген қаржы Ілияс Храпуновтың атына тіркелген жалған компаниялар арқылы заңдастырылған. Осылайша Әблязов ұрлықпен келген активтерін жасырыпты.
Тимур Шамаи, мемлекеттік айыптаушы:
-Мұхтар Әблязовтың бұл іске Ілияс Храпуновты тартуы бекер емес. Өйткені БТА банкі оның үстінен ешқандай шағым түсірген жоқ. Сондықтан қылмыстық қуғындаулар да болған емес. Бірақ кіші Храпунов ол ақшаларды тек Әблязовтың нұсқауымен жаратып отырған.
Бұған дейін тергеушілер Мұхтар Әблязовтың банк салымшыларының ғана емес, халықтың зейнетақы қорына жинаған ақшасынан да ұрлағанын айтқан болатын. Жалпы, қылмыстық іс 2224 томнан тұрады. Бұдан бөлек судья 200-ден астам куәгерден жауап алмақшы. Сондықтан, процесс ұзаққа созылайын деп тұр. Ал Әблязовтың кінәсі дәлелденсе, оған сырттай үкім оқылады. Өйткені шетелде қашып жүрген Қазақстан азаматтарын сырттай соттау тәжірибесі біздің елде бұрыннан бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!