Павлодар тұрғындары монополистерге қарсы шықты
Павлодар іргесіндегі Кенжекөл елді-мекенінің тұрғындары өздерін алдаған монополистерге өкпелі. Үйлерге жаңа электр қуатын есептеуіш орнатып кеткен олар енді жарық үшін ақы азаяды деп сендіріпті. Ал соңғы түбіршектердегі соманы көріп шошыған жұрт жарықты сонша жақпағандарына сенімді. Шағымданған олар бар пәле – жаңа есептеуіштен дейді. Ал бұлай жалғаса берсе жарықтан бас тартамыз деп отыр.
Автор: Әйгерім Шакаманова
05.04.2017
-Мынадай жаңа электр санауыштар бұл үйлерге екі ай бұрын орнатыла бастаған. Жарық үшін ақы азаяды деп үміттенген тұрғындар қуаныштарының ұзақққа созылмағанын айтады. Қалтасы қағылған жұрт енді мүлде жарықсыз қаламыз деп алаңдайды.
Үш баласы бар Ольга Витих қазір төртінші сәбиіне жүкті. Бірақ, өз денсаулығынан гөрі отбасының жағдайына қатты абыржиды. Бірнеше ай бұрын жаңа электр қуатын есептейтін қондырғы орнатып кеткен монополистер жарық үшін ақы азаяды деп сендірген. Бірақ, аяғында бәрі керісінше болыпты. Соңғы келген түбіртектердегі соманы көріп, тоңазытқышты өшіруге тура келді дейді ол.
Ольга Витих, Кенжекөл кентінің тұрғыны:
-Жарық үшін 20 мың теңге келді. 15 мың теңге төледік. Кейін қайтадан 20 мың теңгенің түбірктегін алдық. Бұл масқара ғой. Бір электр шамымен отырмыз. Балалар теледидар көруден де қалды.
Елді-мекендегі өзге үйлерде де жағдай осындай. Жарық үшін екі есе көп төледік деп шулаған жұрт бар пәлені жаңа қондырғыдан көріп отыр.
Ырысты Мықышева, Кенжекөл кентінің тұрғыны:
-Алған зейнетақымыздың жартысы дәріге кетеді, ал жартысы жарыққа төлеуге жетпейді. Өте қиын.
Ал жаңа қондырғыларды орнатқан монополистер бұл халық игілігі үшін жасалды дейді. Бірақ кемшіліктердің кеткенін мойындап отыр.
Меруерт Әбдіхалық, «ПавлодарЭнерго» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің маманы:
–Қондырғылардың ауыстырылуына байланысты тұрғындардан электр есептегіш көрсетілімі алынбаған. Наурыз айына орташа көрсеткішпен есептелгені де сондықтан. Артық есептелінген жағдай анықталса ақша келесі айдың ақысынан шегеріледі. Бұл қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз.
Қалтасы қағылған жұрт бұдан соң біраз сабырға келді. Бірақ, оқиға қайталанған жағдайда жаңадан орнатылған қондырғылардан мүлде бас тартамыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!