Таразда зауыт жұмысшылары жәрдемақыларын ала алмай жүр
Таразда «Қазфосфат» зауытынан мүгедектікке шыққан жандар алған бір реттік жәрдемақыларын сақтандыру компаниясына қайтаруға мәжбүр. Өйткені, кезінде өздері үлестірген ақшаның кейін заңсыз бөлінгенін фирмадағылар сот арқылы дәлелдепті. Ал мүгедектердің көбі алғандарын дәрі-дәрмек пен басқа да қажетіне жаратып үлгерген екен. Бірақ, ол уәже сақтандыру компаниясындағылар тоқтайын деп отырған жоқ. Сот шешіміне сәйкес, мүгедек зейнеткерлер ақшаны соңғы тиынына дейін қайтаруы тиіс.
Автор: Руслан Әбдіхалық
05.04.2017
Бұл азаматтар «Қазфосфат» серіктестігінен еңбекке жарамсыздығына байланысты жұмыстан босап қалғандар. Мүгедектер арада 7 жыл өткенде өздеріне зиянды өндірісте істегендері үшін бір реттік жәрдемақы есебінде қыруар қаржы берілу керектігін естіп, зауытпен келісімі бар сақтандыру компаниясын сотқа берген екен. Сөйтіп, екі жыл бұрын 15 адам 1 жарым млн. теңгеден өндіріп алған. Алайда арада бір жыл өткенде фирма Жоғарғы сотқа арызданып, бұл шешімді бұзғызыпты.
Фарида Қазақбаева, зейнеткер:
- Бізге берді ол ақшаны, емге берді. Елдің бәріне қарыз болдық, дәрі алдық.Қалай қайтарамыз енді?
Зейнеткерлер екі жыл бұрын алған қаржының бүгінде түгін қалдырмай жаратып қойған. Бірақ оған сақтандыру компаниясы бас ауыртатын емес. Қаржыны қайтармағандардың сот арқылы мүліктерін тартып алуға кіріскен. Кейбірінің зейнетақысынан да ұстап жатыр.
Николай Коротуненко, зейнеткер:
-Зейнетақым 50 мың, ал соңғы рет қолыма 29 мың теңге алдым. Қалғанын ұстап қалған. 25 мыңға пәтер жалдап тұрамын. Коммуналдық ақысын төлеуім керек. Әйелімнің зейнетақысы жетпейді бізге.
Ал сақтандыру фирмасы зейнеткерлерге бір реттік жәрдемақы заңсыз берілген дейді. Бірақ оны өздері дер кезінде дәлелдей алмаған. Сөйтіп, сотта жеңілген соң елмен есептесуге мәжбүр болыпты.
Алғашқы сот сатыларының шешімімен келіспей, Жоғарғы сотқа шағым түсірдік. Өйткені бұл азаматтар 2006-2007 жылдары денсаулықтарына байланысты жұмыстан босатылған. Ол кезде заң басқа еді. Ал 2010 жылы заңға енгізілген өзгертуде өндірістік жарақат алғандарға бір реттік жәрдемақы есебінде қаражат беру қарастырылған. Бұлар соған сүйене отырып, сотқа жүгініп, қаржыны өндіріп алды. Алайда олардың бұл қаражатты алуға хақысы жоқ.
Зейнеткерлер оңай олжаға кенелуге әлдебір заңгердің үгіттегенін айтуда. Бір реттік жәрдемақыны жаңа заңға сүйене отырып, жеті жылдан кейін өндіруге болатынын сол айтыпты. Сөйтіп өзі іске кірісіп, 15 адамның әрқайсысынан 200 мың теңгеден алған. Енді өзі ұстатпай жүр. Ал мүгедектер қалай болғанда да алғандарын қайтаруға мәжбүр. Әйтпесе, дүние-мүліктерінен айырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!