«Соқыр махаббат» экранға шықты
Біраздан бері жарнамасы жер жарған «Соқыр махаббат» мелодрамасы да бүгіннен бастап көпшілікке жол тартты. Қазақша түсірілген туындыда зағип қыздың басына түскен қиын жағдай бейнеленген. Фильм көрерменді шынайы күлдіріп, еріксіз жылатады. Танымал әнші Сиви Махмуди продюсерлік еткен әрі басты рөлде ойнаған мелодрама бірінші көрсетілімнен-ақ жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жатыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
06.04.2017
Жанарынан айырылған қыз бақыттан да күдер үзген. Алайда басты кейіпкердің тағдыры бір күнде өзгеріп шыға келеді. Әнелдің өмірге деген құлшынысын оятқан тылсым күш – соқыр махаббат. Алайда шынайы бақытқа жету оңай емес. Сондықтан бір-бірін құлай сүйген жұптың талай сынақтан өтуіне тура келеді.
-Өмірде ештеңе мәңгілік емес. Тіпті, махаббат та.
1 жыл бойы түсірілген мелодраманың режиссері – Данияр Саид. Ал бас продюсер әрі басты кейіпкерді сомдаған танымал әнші – Сиви Махмуди.
Ал фильмді жарыққа шығару оңайға соқпаған. Әсіресе, басты кейіпкерді сомдау Сивиге тым қиын болыпты. Тіпті ол алдын-ала зағип қыздан сабақ алған.
Сиви Махмуди, фильмнің бас продюсері:
-Образға ену, сомдау өте қиын болды. Өте қорқыныш, үрей көп болды. Бірақ арнайы дайындалдым. Өзіме де қызық болды сондай ауыр рөлді сомдап шығу. Сол үшін барша жігерімді, күшімді салдым.
Ал оның сүйіктісінің рөлін Ренат Баситов сомдайды. Бұдан бөлек, туындыға Мақпал Жүнісова, Жан Байжанбаев, Нұртас Айдарбеков, Серікбол Сайлаубек сынды танымал тұлғалар түскен. Фильм алғашқы көрсетілімнен-ақ жұртты ерекше әсерге бөледі.
Гүлзира Айдарбекова:
-Жылайтын жерінде жылап алдық, күлетін жерінде күліп алдық. Жақсы. Қаншама жұмыс қой мұның бәрі, еңбек.
Киносүйерлер «Соқыр махаббатты» бүгіннен бастап тамашалай алады. Ал, фильм авторларының көрерменге бір ғана айтары бар:
Ренат Баситов, фильмнің продюсері:
-Қатты сынамаса деген өтінішім бар да. Өйткені бұл бір жылдық жұмысымыз. Сиви екеуміздің бірінші продюсерлік дебютіміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!