{metadescription}
Елімізде әуе билеттері арзандауы мүмкін
Елімізде әуе билеттері арзандауы мүмкін

Елімізде әуе билеттері арзандауы мүмкін

Инвестиция және даму министрі жыл соңына дейін ұшақпен жол жүру бағасы айтарлықтай төмендейді деді. Қазір Қазақстан шетелдік керосинге тәуелді болғандықтан ішкі рейстерде билет өте қымбат. Сондай-ақ, биыл әуедегі апаттың салдарын тергеп, тексеретін жаңа мемлекеттік орган құрылмақшы. Бүгін жоғарғы палатаға келген авиацияға жауапты министрді сенаторлар қыспаққа алды.

- «ЭйрАстана» әуекомпаниясының ұшағымен бүгін Астанадан Алматыға жету үшін билет орта есеппен 48 мың теңге тұрады. Бұл әуедегі 1 сағат 40 минуттық жолдың құны. Атырау, Ақтауға да баға ұшып тұр. 

Сенаторлар "Әуе қозғалысы" туралы заң жобасын алып келген  Инвестиция және даму министрінен осы ішкі рейстердегі қымбатшылықтың себебін түсіндіруді сұрады. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елімізде керосин тапшы екен. Сондықтан билеттің бағасы да жоғары. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестиция және даму министрі:

-Керосиннің 60 пайызын шетелден тасымалдаймыз. Ал билет құнының 30 пайызы жанармай бағасына байланысты. Еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттар қайта іске қосылған соң тапшылықтан құтыламыз. Отандық ұшақтарға жылына 800 мың тонна керосин керек.

Яғни, жыл соңына қарай әуекомпанияларына билетті арзандату туралы талап қойылады. Егер бағаны төмендетуден бас тартса, бағытты басқа тасымалдаушыларға береміз дейді министр. Сондай-ақ, сенаторлар жиілеп кеткен ұшақ апаттарына қатысты тексеруді сиырқұйымшақтандырып, нақты себебін жариялаудан қашатын шенеуніктерге де шүйлікті. Бұл ретте Мұхтар Алтынбаев әуедегі қауіпсіздік пен төтенше жағдайларды зерттейтін бөлек орган құруды ұсынды. 

Мұхтар Алтынбаев, Сенат депутаты:

-Жалпы авиацияның қауіпсіздігін, қандай да бір апат болса  қарап отыратын орган болу керек. Оған министр де келісіп отыр.

Ал қазір ұшақ апатқа ұшыраса Қорғаныс министрлігі, Шекера қызметі мен Ұлттық гвардия өздері ішкі тексеріс жүргізеді де, жылы жауып қоя салады. Көлік прокуратурасы Азаматтық авиация комитеті де өзіне жүктелген міндетті толық атқара алмай отыр деп, министрге хат жазған еді. Бүгін Қасымбек прокурорларға да жауап берді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестиция және даму министрі:

-Азаматтық авиация комитеті әуе кеңістігінде болған апатты, төтенше жағдайды тексеру жұмыстарына араласпайды. Оған комитеттің еш қатысы жоқ. Ал көлік прокуратурасының талаптарына қатысты дәлел, уәжіміз бар.

Қалай болғанда да елімізде әуе апатынан қаза болғандар саны жыл сайын артып барады. Былтыр үш ірі апат болған. Бес жылда 48 адам көз жұмған. Биыл ақпан, наурызда «Эйр Астанаға»  тиесілі үш ұшақтан ақау шығып, шұғыл қонуға мәжбүр болғаны есте.

Бүгін Сенат бірінші оқылымда мақұлдаған "Әуе қозғалысы" туралы жаңа заң жобасы қабылданса, осы кемшіліктің бәрін жояды екен. Құжатқа сай, ұшқыштардың денсаулығына қатысты жалған анықтама берген медициналық мекемелер әкімшілік жауапқа тартылады. Отандық  әуе компанияларын тексеру күшейеді. Олар ИКАО халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сай жұмыс істеуі тиіс болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде