Жүргізушіге өзін тоқтатқан полицейді видеоға түсіруіне заңмен рұқсат етілмек
Елімізде "Жол жүру қозғалысы" туралы заң тағы өзгергелі жатыр. Кезінде өздері дауыс берген даулы құжатты бастан-аяқ түзетіп жатқан депутаттар оны қайта талқыға салмақ. Мәжілісмендердің ұсынысы бойынша, енді жолаушыларға полицейлердің мақұлдауын күтпей көліктен шығуына рұқсат етілуі тиіс. Жүргізушілер сақшылардың әрекетін рұқсатсыз-ақ та таспаға жаза алады.
Автор: Азамат Алдоңғаров
06.04.2017
Полицейлердің сауатсыздығын айғақтайтын мынадай әуесқой видеолар енді көбеюі мүмкін. Өйткені шенділерге камераңды тарт деп, жағадан алуына заңмен тыйым салынғалы жатыр. Яғни, жүргізушілер сақшылардың дөрекілігін фото-видеоға түсіріп, сотта нақты дәлел ретінде көрсете алады. Ал, күндіз шам жағып жүру талабы сол күйі қалмақ.
Қанат Мусин, Мәжіліс депутаты:
-Оған өзгерту енгізу үшін Үкіметтің нормасы керек. Сондықтан осындай норма заңда болмаған соң біз оны қараған жоқпыз.Бұл ереже сол қалпында қалды.
Осыдан екі жыл бұрын, депутаттар жолаушылардың да еркіндігін шектеген болатын. Енді қате бастық, салондағы адамдар полицейлердің бас изеуін күтпей көліктен шығуы тиіс деп отыр. Бірақ жүргізуші бұйрық берілмейше, қозғалмауы керек. Сондай-ақ,жүргізуші куәлігін жоғалтқан, не мерзімін өткізіп алған азаматтар енді қайта емтихан тапсырмайды. Бірақ медициналық тексерістен өтуден бас тартқан адам 3 жылға құжатынан айырылады. Ішкі Істер министрлігі бұдан былай балаларына куәлікті сыйлық ретінде әперетіндермен де шындап күреспек.
Игорь Лепеха, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
-Қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендердегі тіркеу-емтихан бөлімшелеріне барып жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыратын. Енді бұған тыйым салынады. Барлығы арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып ғана құжат алуы керек.
Тіпті рөлге мас күйінде отырған мүгедектердің бірден куәлігі тартып алынады. Мұндай талап бұрынғы заңда болмаған. Қысқасы, мұның бәрі ұсыныс қана. Қателіктерін енді түсінді ме, әйтеуір депутаттар өздері 2 жыл бұрын бекіткен құжатқа қайта 55 түзету енгізгелі жатыр. Ал даулы заң жобасы алдағы сәрсенбіде Мәжілістің жалпы отырысында қаралмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!