Ел тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында емханаларға тіркелуге асығар емес
Науқан басталғалы Астанада 65 мың адамға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы су жаңа емханаға бір апта ішінде небары жүзден астам азамат келіп жазылған. Енді дәрігерлер үй-үйді өздері аралауға кірісті. Кім, қайда келіп міндетті сақтандыру пакеті бойынша ем қабылдай алады? Оған ие болу үшін не істемек керек?
Автор: Азамат Алдоңғаров
11.04.2017
Емханаға кел де, міндетті сақтандырумен өз мәртебеңді анықта. Бірақ сәуірдің 5-нен басталған осындай акция аясында емханаларға келіп жатқан халықтың қарасы аз. Ал 31-ші шілдеге дейін тіркелуге неліктен асығу керек? Себебі осы мерзімге дейін тіркелмеген азаматтар өзі қалаған емханада қаралу құқынан қағылуы мүмкін.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
-Емхананың қауқарын ескеріп, біз әрине халық ағынын реттеп отырамыз. Әр емхана халық көп шоғырланған жерде орналасқан. Сондықтан оның қамтитын өз аумағы бар. Өз мүмкіндігінен артық қызмет көрсете алмайтыны белгілі.
Ал енді мәртебе деген не? Яғни әр адам қай әлеуметтік топқа жататынын анықтап алу керек. Жұмысшы, жеке кәсіпкер немесе жұмыссыз. Бизнесмендерден басқалары үшін не жұмыс беруші, не мемлекет сақтандыру қорына ақша аударады. Жобаның тағы бір міндеті - көлеңкеде жүрген өзін-өзі жұмыспен қамтушы, қарапайым тілмен айтсақ, таксишінің өзі енді салық органында кәсіпкер ретінде тіркеліп ай сайын банк арқылы 1.414 теңгені өз денсаулығы үшін беруі тиіс. Емханалар емдеген адам басына ақша алғандықтан, пациенттер медициналық орталықты өз еркімен таңдай алады. Оның ішінде жекеменшіктері де бар.
Ләззат Ыдырысова, №9 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары:
-Пациент өзі тіркелген емханасында бір жыл бойы қаралады. Тек мекен-жайын ауыстырған жағдайда жыл ішінде медициналық мекемесін ауыстыруға құқылы. Ал келер жылы басқа орталыққа қаралам дегендер жыл соңында сол емханаға келіп өтініш беруі керек.
Ол үшін жеке куәлігіңді ұсынып, өтініш жазып сол емханаға тіркелесің. Тіркеуді телефон немесе арнайы сайт арқылы да жасауға болады.
Акция мерзімі 5-ші сәуірден шілденің соңына дейін деп белгіленгенімен,тіркеу одан кейін де, жүре береді дейді дәрігерлер. Жобаға жауаптылар халық арасында даурығу болмайды, емханалар науқанға тас-түйін дайын деп сендіреді. Ал міндетті сақтандырудың өзі келер жылдың қаңтарынан басталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!