Өскеменде науқас балаларға арналған жалғыз балабақша жабылғалы жатыр
Қала орталығында орналасқан бұл мекемені шенеуніктер коррекциялық мектеп-интернатқа айналдырмақшы екен. Алайда науқас балалардың ата-аналары оған қарсы. Өйткені өңірде қант диабеті, демікпе мен аллергиясы бар бүлдіршіндерге арналған басқа сауықтыру орталығы жоқ.
Автор: Диас Нұрақын
11.04.2017
Бұл балабақшада бүлдіршіндерге қан тапсырып, уақытылы дәрі егуді үйретеді. Сондай-ақ, дәрігерлер күнделікті массаж жасап, диабетпен ауыратындарға қажет кезінде инсулин салып береді. Ал басқа балабақшаларда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Сондықтан науқас балалардың ата-аналары қаладағы мамандандырылған жалғыз мекеменің жабылуына қарсы.
Марина Акмурзинова, Өскемен қаласының тұрғыны:
-Бұл қант диабетімен ауыратын балаларға ем-дом жасайтын жалғыз сауықтыру орталығы. Оны жапса баламыз қайда барады?
«Октябренок» балабақшасы осыдан 22 жыл бұрын құрылған. Мұнда жүрегі ауыратындар, демікпе мен аллергиясы бар бүлдіршіндер тұрақты түрде ем-дом қабылдайды. Соған қарамастан қала орталығындағы ғимаратты бірнеше рет жауып тастамақшы болған екен. Тіпті орнына қаңғыбастарға арналған орталық немесе түбдиспансер салу да жоспарланыпты. Көп ойланған атқамінерлер енді бұл жерден коррекциялық мектеп-интернат ашуды көздеп отыр.
Динара Шаухина, ШҚО Білім басқармасы қамқорлық бөлімінің жетекшісі:
-Қазір бұл балабақшада тек мектепке дейінгі балалар тәрбиеленіп жатыр. Ал біз оқушылардың да ем-дом алып, осы орталықтың қызметіне жүгінгенін қалаймыз. Сондықтан балабақшаның бағыты өзгереді.
Атқамінерлердің айтуынша, алдағы уақытта бұл орталықта көзі нашар көретіндер мен құлағының мүкісі бар және сал ауруына шалдыққан балалар да емделе алады екен. Алайда ата-аналар қалада дәл осындай 7 мекеменің бар екенін айтады. Ал демікпе, аллергия мен қант диабетіне шалдыққан бүлдіршіндерге өзге сауықтыру орталығы қарастырылмаған.
Мәдина Ахметова, Өскемен қаласының тұрғыны:
-Көзі көрмейтіндер мен құлағы естімейтін балаларға арналған орталықтар бар. Сал ауруына шалдыққандар да балабақшаға барады. Сонда диабетпен ауыратындар қайда қалады?
Осылай деген ата-аналар қаладағы жалғыз орталықты қалдыруды сұрап отыр. Өйткені өңірде жыл сайын науқас балалар саны артып келеді. Сондықтан шенеуніктер балабақшаға қатысты мәселені қайта қараса дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!