Ақтөбеде тасқынды тоқтату үшін құтқарушыларға көпірді бұзуға тура келді
Енді соның кесерінен қала іргесіндегі ауылмен арадағы көлік қатынасы үзіліп қалған. Тұрғындар мұндай жағдайдың жыл сайын қайталанатынына ашынады. Өйткені өзен арнасын кеңейтіп, қыста қар жинайтын полигонды алысқа көшіру қажет екен. Бірақ бұған бас қатырып отырған шенеуніктер жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.04.2017
Ашуға булыққан бұл азаматтың даусы қарлыққанша айқайлауының жөні бар. Өйткені ауыл тұрғындарының өздері төраға етіп сайлап алған Дінямалы Әлиевтің өтініш айтып бармаған мекемесі қалмапты. Қыс бойы қаладан шыққан қарды комуналдық қызметтегілер осы елді мекен іргесіне үйіп келген. Енді ол еріп, ауылды алып кетіпті.
Дінямалы Әлиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Әкімдіккке айтақаныма төрт жылдан асты. Жыл сайын қарды әкеліп осында үйе береді. Коммуналдық мекеме көліктері алысқа апарып төгуге жанармайларын аяйды. Соның кесірінен жыл сайын бізді су басады.
Мұндағы жұртты қызыл судан аман алып қалу үшін БҰЛ ЖОЛЫ ДА ауылға кірер жолдағы жалғыз көпірді бұзуға тура келді.Бұл жағдайдың жыл сайын қайталанатына жұрт ашулы. Былтыр да осы көпірді су арнасын бұру үшін бұзып, артынан шенеуніктер ұмытып кеткен. Тұрғындар ол кезде де өздері ақша жинап, тас төсеген болатын.
Гүлдана Райымбекова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бәрін су шайып кетті. Халықтың қалтасынан жинай бере ме? Осылай суға батып, көпіріміз жоғалады.
Ал қала әкімі Ілияс Испанов тасқынға қыста төгілген қардың қатысы жоқ деп бет бақтырар емес. Керісінше өзен арнасын тұрғындар бітеп тастады деген болжамын айтты. Дегенмен жергілікті жұрт онымен қызыл кеңірдек боп дауласқаннан гөрі, арқасынан қағып мәселені шешіп беруін өтінді.
Тұрғындар қазір өздері төсеп қойған құр тақтайтың үстімен өтіп жүр. Көліктерін ауыл шетіне қаңтарып қойған. Ал құтқарушылар суға біреу түсіп кетпеу үшін көпір маңын күзетіп тұр. Бұл машақаттың қашан бітері, көпір құрылысының да қашан басталары әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!