Семейде ықшамауданға су құбырын тартқандар жұртты жолсыз қалдырды
Олар қақаған қыста көшелерді түгел қазып тастаған. Қазір құбыр төселіп, шұңқыр жабылғанымен, ми батпақтан тұрғындар жүре алмай жатыр. Сазды аумақтың жер асты суы көтеріліп, көмілген ордың топырағы отырып қалған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
12.04.2017
-Жергілікті биліктің салақтығынан бүтіндей бір ықшамаудан тұрғындары зардап шегіп отыр. Қыстың суықтығына қарамай, су құбырларын жүргізбек болғандар көшелерді түгел қазып тастаған. Енді мұнда көлік тұрмақ, толарсақтан саз кешкен тұрғындардың өзі зорға жүреді.
Мұндағы барлық баспананы ауыз сумен қамтуы тиіс құбырды тарту жұмыстары қара күзде басталыпты. Алайда жұрт қыста жер қазғандар техникалық талаптарды тасада қалдырды деп айыптауда. Яғни жұмысшылар құбырларды да дұрыс төсемеген, құдықтар да қоршаусыз қалыпты.
Төлеш Шаймарданов, Семей қаласының тұрғыны:
-Қараша, желтоқсан, қаңтар айларында көшелерді қазды. Оның тереңдігі, кей жерде екі жарым метр, кей жерде бір жарым метр ғана. Құбырдың саз судың үстіне тастады.
Енді жұрт ауыз су тұрмақ, жолдан да қағылып отыр. Қазір сазды аймақтың жерасты суы көтеріліп, шұңқырды көмген топырақ отырып қалған. Ал жергілікті билік су мен жолдың жырына еш қатысымыз жоқ деп ақталды. Себебі, мердігерге тапсырыс берген «Семей су арнасы» мекемесі екен. Ал жобаға керекті 114 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінген.
Николай Лукин, «Семей су арнасы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің техникалық директоры:
-Жазда су құбырларын тарта алмадық. Аймақ, сазды жерде орналасқандықтан су жер бетіне көтеріліп тұрады. Ол кезде қазатын болсақ, төңірек көлшікке айналатын еді. Мұны ескеріп жобаны қыс айларында жүзеге асыруды жөн санадық. Қазір жұмыстың 72 пайызы аяқталып тұр.
Негізі, жүргізіліп жатқан жұмысты 6 айдың ішінде бітіру жоспарланған. Бүгінде мердігерлер сегіз шақырым аумаққа су құбырын тартып үлгеріпті. Тек қазылмаған 333 метр жер ғана қалған көрінеді. Ал мамыр айында жұртқа таза ауыз су берілуі тиіс. Шенеуніктер талқаны шыққан жолдар да содан кейін ретке келтіріледі деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!