Алматы облысында 500-ге тарта мүгедек инватакси қызметін пайдалана алмай отыр
Қарасай ауданындағы негізінен арбаға таңылған азаматтарды тасымалдайтын жалғыз көлік бір жарым айдан бері жұмысын тоқтатқан. Өйткені қызмет көрсетуші мекеме жыл басында жабылып қалыпты. Содан бері мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа, оқуға және басқа да әлеуметтік нысандарға қатынаудан қалдық деп қамығып отыр. Ал ауданның атқамінерлері бар мәселе тендерге тіреліп тұр деп ақталуда.
Автор: Диас Нұрақын
12.04.2017
Бірі таяққа сүйеніп, екіншісі арбаға таңылған бұл азаматтар бір жарым айдан бері жүріп-тұрудан қалдық дейді. Өйткені оларды күн сайын қажет жерлеріне жеткізіп отыратын инватакси жұмысын тоқтатқан. Зардабын Қарасай ауданындағы 500-ге тарта мүгедек тартып отыр. Себебі, бұл азаматтар мүмкіндігі шектеулі болса да бір жәрдемақыға қол жайып отырған жоқ. Барлығы да жұмыс істеп, қосымша табыс табады. Бірақ сол табысымыз жол күреден артылмай жатыр дейді.
Қуат Қойшығұлов, бірінші топтағы мүгедек:
-Автобусқа отыра алмаймыз. Себебі, таңертең толып кетеді. Сондықтан таксимен жүруімізге тура келеді. Күнделікті таксимен барып келеміз. Әр адамнан шамамен 800-1000 теңге ақша кетеді.
Ал арбаға таңылғандар үшін жәй таксиге мінудің өзі мұңға айналған. Өйткені оларды жол-жөнекей ешкім алмайды екен. Сондықтан өздігінен жүріп-тұра алмайтын бұл азаматтар бір жарым айдан бері ешқайда бара алмай отыр.
Рақым Сағындықов, бірінші топтағы мүгедек:
-Арбамен мені басқа таксилер алмайды. Инватаксидің көтеріп мінгізетіні бар, түсіретіні бар. Сол ыңғайлы маған.
Инватаксидің тоқтап қалғанын аудан атқамінерлері растап отыр. Өйткені бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіп келген мекеме жыл басында жабылып қалған. Сондықтан қазір қайтадан тендер жарияланыпты. Оның нәтижесі сәуірдің соңында анықталып, келесі айдан бастап мүгедектерді тасымалдау мәселесі шешіледі дейді шенеуніктер.
Махмұтбек Жұмағұлов, Қарасай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
-25 сәуірде ашылады. Сол күні жеңімпаз анықталып, инватаксиді әкім соларға береді. Одан кейін тағы бір тендер бар. Қызмет көрсетуге қатысты. Сондықтан мамырдың 5-іне дейін инватакси іске қосылады.
Қарасай ауданында 6 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады екен. Соның мыңнан астамы инватакси қызметін пайдалануға құқылы. Алайда аудандағы жалғыз көлік бәріне бірдей жетпейді екен. Сондықтан мүгедектер жергілікті биліктен қосымша тағы бір көлік беруді сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!