Назарбаевтың латын әліпбиіне қатысты мақаласы елде қызу талқыланып жатыр
Қазақстан латын әліпбиіне көшуді бастап кетті. Жыл соңына дейін оның нақты жобасы жасалуы тиіс. Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызды бағытының бірі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ал отандық ғалымдар қазір-ақ әліпбиді латынша сөйлетуге әзір. Елдің рухани жаңғыруы қалай жүрмек? Президент елдің ендігі болашағын қалай көреді?
Автор: Азамат Алдоңғаров
12.04.2017
- «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, кішігірім жолдау іспетті. Бір ерекшелік, бұл құжатта экономика емес, идеология жазылған. Енді кез-келген реформалар бірінші кезекте ұлттық құндылық, тарихпен үндес болуы керек.
Президент мақаласының қоғам құп көрген тұсының бірі Қазақстанның толық латын қарпіне көшуі. Елбасы істі көпке созбай жеделдетуге пәрмен берді. Бүгін батыл қадам жасамасақ, болашақта опық жеуіміз мүмкін. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиінің нұсқасын жасауды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.
Саясаттанушылар да мұны ертелі-кеш болуы тиіс заңды процесс деп отыр.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
-Бүгінгі таңда дүниежүзі халқының 80 пайызы латын әліпбиін пайдаланады. Дүниежүзінің озық технология, жаңашыл өнеркәсіптің барлығы латын әліпбиімен ағылшын тілінде жүреді. Латын әрпін еңгізетін болсақ, қазақ тілді, орыс тілді деген топтар жойылады. Сонымен бірге елімізде тұратын басқа этностар қазақ халқының айналасында топтасады деген ойдамын.
Рухани жаңғыруымыздың көзі - өткенді жаңғырту деуге негіз бар. 1929 жылдан 40-шы жылға дейін қазақ хаты латын қарпімен жазылды. Осылайша сол кездегі саяси интелегенцияның дамыған Еуропаға жақындау арманын орындау бүгінгі буынға жүктеліп отыр. Кешенді жұмыс егемендіктің алғашқы күнінен жүргізіліп кепті. Ғалымдар да жаңа әліпбиді әлдеқашан жазып қойған.
Әсел Мұқанова, «Жасанды интеллектті ғылыми зерттеу институтының» ғылыми қызметкері:
-Латын әліпби бойынша ештеңені өзгертіп керегі жоқ. Қосымша драйверлер керек болмайды. Себебі барлығы латын қарпінде істелген. Сонымен қатар кітаптарды аудару деп жатырсыз ғой, біздің сайтта көрсетілген, конвертер. Кез келген кирилицадағы мәтінді еңгізетін болсаңыз, ол латын әліпбиімен шығарып береді.
Отандық ғалымдардың төл туындысы арқылы қазірдің өзінде қиырдағы қазақтар кирилицамен жазылған қазақ әдебиетімен емін-еркін танысып жатқан жайы бар. Президент қазіргі кітаптарды жеделдетіп латынға ауыстыру керектігін айтады мақаласында. Сондай-ақ ой толғамында Назарбаев ысырапшылдық туралы сөз қозғаған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Прагматизм - өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі - орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Демек, президент тапсырмасын, қазынадан артық шығын шығармай-ақ орындауға мүмкіндік бар. Қаріп өзгерту Қазақстанның біртұтас халық құру саясатына да сеп болады дейді саясаттанушылар.
Президент мақаласында ұлттық код дегенге ерекше мән береді. Бүгінгі сәтті екі дәуір түйіскен өліара шақ деген Елбасы, оны болашақты баянды етудің де тарихи мүмкіндігі екенін айтады. Кирилицадан арылып, латын қарпімен әлемдік өркениеттің есігін қақпай ашқан күн тәуелсіз Қазақстан үшін шынында да тарихи сәт болғалы тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!