Алматыда кәсіпкерлер мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына наразылық білдірді
Олар құзырлы органдардың кәсіп жасауға кедергі келтіріп, заңға қайшы әрекеттерге баратынын айтып шағымдануда. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасында бүгін осы мәселе бүге-шігесіне дейін талқыланды.
Автор: Асыл Әділханұлы
13.04.2017
Бұл кәсіп ашамын деп шығынға белшеден батқан Александр Сон Алматы Арбатының қақ ортасында тұрған дүңгіршегінің орнын сипап қалды. Арнайы техниканың көмегімен ғана көтеруге болатын нысанды бір түнде белгісіз біреулер алып кеткен.
Александр Сон, кәсіпкер:
-Бұл аумаққа кез-келген көлік кіре алмайды. Оған рұқсат жоқ. Ал дүңгіршекті алып кете алатын арнайы техгиканы кіргізуге жергілікті биліктің ғана құқығы бар.
Ұшты-күйлі жоғалған тек Александрдың ғана дүңгіршегі емес. Наурыздың басында Арбатта тұрған тағы бірнеше дүңгіршектің орны босап қалыпты. Тіпті үлкен экран да дәл сол күні опырылып түскен. Бұны әдейі жасалған қастандық деген Александр бірден арыз жазған. Бірақ әлі ешкім ұсталмады. Есесіне жоғалған дүңгіршек табылды. Оны көрші аулаға апарып өртеп жіберген екен. 5 миллион теңге көлемінде шығынға батқан Александр бәріне Алмалы ауданының әкімдігін кінәлап отыр. Ал шенеуніктер бұл біздің іс емес деп бет бақтырмауда.
Қуаныш Бақытұлы, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары:
-Бұл нысандардың сүрілуіне Алмалы ауданы әкімдігінің ешқандай қатысы жоқ. Бізді кінәлай бермей, камераны қарасын. Бәрі белгілі болады.
Жиынға келгендер біз дәл осылай кәсіпкерді қудалауды тоқтатпасақ шағын бизнесті жарға жығамыз дейді. Себебі, мемлекеттік органдардан қысым көрдік деп шағымданатын кәсіпкерлер азаяр емес.
Юрий Тілеумұратов, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры:
-Мемлекеттік органдар бизнестен барлық заң талаптарын сақтауды талап етеді. Салық, жер мәселесіне қатысты. Бірақ олар өздері де сол заң шеңберінен шықпау керек екенін ұмытып кетеді. Содан кейін кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, олардың жұмыс істеуіне кедергі жасайды.
Кәсіпкерлердің айтуынша, олар көбіне салық, сәулет құрылыс және жер мамандарынан қысым көреді екен. Ал жұмбақ күйде жоғалған Александр және басқалардың дүңгіршектеріне қатысты іспен енді прокуратура айналысады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!