Қазақстан мен Түркия медицина туризмін дамытпақ
Түркия медицина туризмін дамытуға мүдделі. Анталияда өткен ХЕСТОРЕКС дүниежүзілік медицина туризмі конгресі соның айғағы. Әлемнің әр түкпірінен жиылған 4 мыңнан астам делегат денсаулық сақтау саласымен қатар, спорт пен туризмді жандандырудың жолын қарастырды. Экономикалық дағдарыстан өткен Түркияның бұл орайда өз айтары бар.
Автор: Ербол Тұрымбет
14.04.2017
Бір жыл бұрын ғана халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізген Анталия әлем назарына қайта ілікті. 150-ден астам елдің өкілі бас қосқан дүниежүзілік конгресс медицина туризмін дамыту мәселесін сөз қылды. Оның ішінде қазақ еліне деген құрмет ерекше. Қазақстандықтар осындағы ең көп делегаттардың қатарында.
Қайыргелді Дүйсенов, стоматолог:
- Бізде жоқ тәжірибелерді түрік мемлекетінен аламыз. Өйткені бұл өте дамыған мемлекет. Әсіресе, стоматология саласында қатты дамып келе жатыр.
HESTOUREX конгресіне еліміздің атынан бұл шараға мемлекеттік және жекеменшік медицина мекемелері мен туристік компаниялардың өкілдері шақырылған. Ал шараны ұйымдастыруда Түркия медицина туризмі қауымдастығының демеуі зор.
Халида Садықова, Түркия медицина туризмі қауымдастығының Қазақстан мен ТМД елдері бойынша өкілі:
-Түркия медицина туризмі қауымдастығы – бүкіләлемдік медицина және спорт туризмі конгресінің негізгі серіктесі. Түркия бүгінде медицина туризмі бойынша әлемнің үздік ондығына кіреді. Шараның мақсаты да – осы салада халықаралық байланыстарды нығайту.
Түркия бүгінде тек жазғы демалысты жайлы өткізетін курортты нысандарымен ғана емес, таза медицина саласындағы жетістіктерімен де мақтанатын елге айналған.
-Әлемнің әр түкпірінен жиылған 4 мыңнан астам адам мұнда келіссөздер жүргізіп, іскерлік байланыс орнатады. Бұл, әсіресе, қазақстандық туроператорлар үшін ауадай қажет. Өйткені, емделушілерді медицина туризмі бойынша шетелге жіберіп келген олар енді шетелдік емделушілерді Қазақстанға тартуды көздейді.
Мұндай тәжірибе бұрыннан бар десек те, біздің елде кенже дамыған. Анталияның озық клиникаларын аралап, түрік туроператорларының көрмесін тамашалаған қазақстандық делегаттар үшін енді Түркия компанияларымен байланыс орнату қиынға соқпайтын болды.
Эмин Чакмак, Түрік медицина туризмі қауымдастығының (ТНТС) төрағасы:
-Біз бауырлас қазақ елін ТМД елдері арасында негізгі орталық ретінде қарастырамыз. Сондықтан Қазақстан мен Түркия арасында тек туризм ғана емес, медицина саласы бойынша да тығыз байланыс орнатуға құлықтымыз.
Түркия – экономикалық дағдарысты қатты сезінген елдердің бірі. Алайда 2015-2016 жылдарға қарағанда биыл туризм бойынша табыс 7 пайызға өскен. Түрік ағайындар осы жетістігін арттыра түсуді көздеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!