Семейде білдей бір ықшамауданды екі аптадан бері су басып жатыр
Қазір ол баспана мен қора-қопсыларға түгел кірген. Енді жұрт гаражда қалған көліктерін сыртқа шығара алмай әлек. Ең сорақысы – әжетханадағы нәжіс сумен араласып аулаға жайылған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
14.04.2017
Сирағынан суық су кешкендердің бірі – Нұролла Түсіпов. Қазір оның үйі мен қора-қопсысы түгелдей көлкіген суға толып тұр. Дымқыл тартқан қабырғалары қақырап кеткен. Қызыл судың кесірінен ауырып қалған балаларын емханаға апаратын көліктен де айырылдым дейді.
Нұролла Түсіпов, Семей қаласының тұрғыны:
-Көлігім гараждың ішінде болған. Екі жұмадан асты судың ішінде тұр. Далаға ЖКХ-дан әкеліп шлак төккен болатын. Қақпаның сыртында екі-үш Камаз шлак жатыр.
Бүгінде жұрттың қар суының астында қалғанына 14 күн болған. Әр баспана ауласына дәл мынандай су сорғыш мотор орнатып қойыпты. Алайда оның тазартуға шамасы жететін емес. Өйткені жайылған судың тереңдігі шамамен 30 см-ге жетеді.
Соның кесерінен дәретханадағы нәжіс қалқып сыртқа шығып жатыр. Бұдан жұрт жұқпалы дерт тарай ма деп алаңдаулы. Оның үстіне ауыз су алып отырған құдық та ластаныпты.
Ертарғын Уәлиұлы, Семей қаласының тұрғыны:
-Ішетін суымыз жоқ. Дүкеннен сатып алып отырмыз. Үйдің жертөлесіндегі насосты алып тастадық. Не істейміз. Су кіріп тұр.
Тығырыққа тірелген тұрғындар жергілікті биліктен қайыр жоқтығына наразы. Қанша хабарласқанымен, нәтиже жоқ дейді. Расымен де, коммуналдық мекеме мамандары жайбарақат кейіпте.
Оразхан Ергебаев, «Семей» мемлекеттік коммуналдық мекемесі өндіріс бөлімінің меңгерушісі:
-Бұл жағдай жылда болады. Алаңдайтын түк жоқ. Жерасты суы көтеріліп, 15 үйге кіріп кетті. Қазір, тазартып жатырмыз. Қажетті инерттік материалдар жеткізілді. Арыз түскен аймақтарды бақылап отырмыз.
Жер асты суын толық тазартып үлгеру мүмкін емес екен. Сондықтан алдағы уақытта тұрғындарды қызыл судан құтқаратын жоба әзірленетінін жеткізді шенеуніктер. Ал жұрт бұл құрғақ уәдеге сенбейді. Олардың жерасты суы деуінің өзі жалған деп, су басуын уақытылы шығарылмаған қардан көреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!