Бішкекте Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы сөз болды
Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы жұмыс күші, капитал мен тауардың еркін айналымын тежеп отырған кедергілер 2025-ші жылға дейін толық шешілуі тиіс. Бүгін Бішкекте бас қосқан ұйымға мүше елдердің басшылары осыны пысықтады. Өйткені, ортақ нарықтың жұмысына тұсау болып жатқан түйткілдер аз емес. Сондай-ақ бүгін Молдова бақылаушы ел статусын алды. Ал Жоғарғы экономикалық кеңестің жиыны түстен кейін Тәжікстан президентінің қосылуымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммитіне ұласты.
Автор: Диас Нұрақын
14.04.2017
5 ел басшысының Бішкекте бас қосуы бекер емес. Себебі биыл Еуразиялық экономикалықодаққа Қырғызстан төрағалық етуде. Сол себептен Жоғарғы Экономикалық кеңестің кезекті отырысы Алмазбек Атамбаевтың “Ала арша” резиденциясында өтті. Мұнда Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь пен Армения президенттері өткен жылды қорытындылап, ұйымның алдағы уақытта атқарар жұмыстарын пысықтады. Жалпы, арадағы алыс-берістің аз болса да өскені барлығын қуантып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Еуразиялық экономикалық одақтың құрылған сәті әлемдік қаржы дағдарысымен тұспа тұс келді. Сондықтан, басында біраз қорқыныш болған. Бірақ қазір бәрі дұрысталды. Дағдарыс ол уақытша құбылыс. Осындағы көптеген мемлекеттерде даму көрсеткіші жақсарып келді. Жыл басынан бері Еуразиялық одақ аясындағы сыртқы сауда көлемі артты. Сондықтан осы жұмысты ары қарай жалғастыруымыз керек.
Дегенмен, ортақ нарықтың жүйелі жұмысына қолбайлай болып отырған жайттар аз емес. Әсіресе, қырғыз тарапы мигранттардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасалмаса дейді. Одақтас елдер арасында капитал мен тауар да еркін айналыста деу артық. Президенттер мұндай олқылықтарды 2025-ші жылға дейін толық жүйелеуге келісті. Сондай-ақ бүгін Молдова бақылаушы ел мәртебесін алды.
Игорь Додон, Молдова президенті:
-Еуразиялық экономикалық одақта бұрын соңды бақылаушы деген болмаған. Мұндай мәртебе бізге бірінші рет бұйырғалы тұр. Сондықтан,біздің ұсынысымызды қабылдаған бес елдің басшыларына алғыс айтамын. Бұл Молдова үшін тарихи сәт.
Одақтас мемлекеттер тек сауда-саттықпен шектелмейді. Бүгін Астана мен Мәскеу ғарыш саласын игеру ісін одан әрі жандандыруға келісті.
Владимир Путин, РФ президенті:
-Нұрсұлтан Әбішұлы сіздің ұсыныңыз бойынша біз бір шешімге келдік. Байқоңырды пайдалану және жаңадан зымыран құрастыруға қатысты жақын арада жаңа жоспар құрып жұмыс істейміз.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер алыс-берісті түгендеп, алдағы жоспарларды пысықтаған соң, бес президентке түстен кейін Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон қосылды. Өйткені, жиынның соңы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммитіне жалғасып жатыр. Лаңкестікке қарсы бірлесе күресу, қауіпсіздікті күшейту сияқты тақырыптардың қозғалатыны хабарланғанымен, нақты қандай шешімдер қабылданғаны әзірге айтылған жоқ. Бір белгілісі, ұйымның бас хатшысы ауысты. Николай Бордюжаның орнына армениялық генерал Юрий Хачатуров келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!