Елімізде электромобильге сұраныс жоқ
Өйткені ауыл-аймақты былай қойғанда, ірі қалалардың өзінде тоқпен жүретін машиналарға қуат беретін арнайы бекеттер тапшы. Сондықтан экологиялық таза көлігі бар жүргізушілер мәселеге мемлекеттің араласуын сұрайды. Жалпы, Қазақстанда 2014-ші жылдан бері электромобиль өндірісі қолға алына бастаған. Содан бері тек 35 электромобиль арнайы тіркеуге алыныпты.
Автор: Диас Нұрақын
17.04.2017
Тоқпен жүретін темір тұлпар тақымдағандардың бірі – Әлжан Әліпбаев. Ол өзінің электромобилін осыдан жарты жыл бұрын АҚШ-тан алдыртқан. 110 аттың күші бар бұл көлік экологиялық таза әрі үнемді. Яғни жанармайға ақша жұмсамай-ақ кәдімгі 220 вольттық электр энергиясымен қуаттандырып алуға болады.
Алайда мұндай көлік мінуді әркімнің қалтасы көтере бермейді. Біріншіден, бағасы өте қымбат. 60 мыңнан басталып 120 мың долларға дейін жетіп жығылады. Екіншіден, бұл машиналарды қуаттайтын арнайы бекеттер бізде тым аз. Сондықтан Әлжан Әліпбаев өз көлігін үйінде немесе жұмыста қуаттап алуға тырысады.
Әлжан Әліпбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Ең бастысы, бұл көлік қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейді. Екіншіден, үнемді. Мәселен, 300 теңгеге көлікті қуаттап алып жүз шақырым қашықтықты еркін жүріп өтуге болады. Бірақ біздің елде электромобиль иелеріне ешқандай жағдай жасалмаған. Қарапайым қуаттағыштардың өзі саусақпен санарлық.
2014 жылдан бері отандық көлік құрастырушылар да электромобиль өндірісін қолға алды. Қазір мұндай көліктер Өскеменде құрастырылып жатыр. Бағасы тоғыз миллион теңгеден басталады. Соған қарамастан сатып алушылар саны ілеуде біреу.
Серік Әжімұратов, дилерлік компания директоры:
-Электромобильге сұраныстан гөрі қызығушылық көп. Өйткені бұл өте үнемді. Бірақ ірі қалаларда осындай көліктерге қызмет көрсететін орталықтар жетіспейді. Сондықтан оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс деп ойлаймын.
Электр энергиясымен жүретін экологиялық көліктерді көбейтуге үкімет те мүдделі. Сондықтан былтырдан бастап Еуразиялық одаққа кіретін Ресей, Беларусь және Қазақстан аумағында электромобильдер баж салығынан босатылған. Сондай-ақ, осындай көлігі бар жүргізушілер оған салық төлемейді. Соған қарамастан электромобильге деген сұраныс аса байқалмайды. Мәселен, 2016 жылы елімізде бар болғаны осындай 35 автокөлік тіркеуге алыныпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!