Алматы облысында қаршадай қызды педофилдің қолынан оқушы арашалап қалды
Алматы облысында 8 жасар қызға жасалған қастандыққа қатысты тергеу жүріп жатыр. Қаскөй екінші сынып оқушысын тура үйінің алдында ұстап алып, арам ойын іске асырмақ болыпты. Ал жанұшыра көмек сұраған қызды 11-ші сынып оқушысы естіген.
Автор: Олжас Байжан
17.04.2017
Өткен жұма күні азғынның құрбанына айнала жаздаған 8 жасар қыз осы. Қаскөйдің қолынан бір рет сытылып шыққанымен, алысқа ұзай алмапты. Дене жарақатымен қоса, ауыр психологиялық соққы алған бүлдіршін ауруханада болған жайтты өз аузымен айтып берді.
-Он меня тащил, возле речки, где мостик он меня кинул. Там глубокое же была. Я в камни упала. Я ударила себя, а потом он тащил меня куда-то.
Сөйтсе, 2-ші сыныпта оқитын қызды 32 жастағы жергілікті тұрғын зорламақ болған. Оны полицияға ұстап бергендер ішімдікке сылқия тойып алғанын айтады.
Халид Татаев, жәбірленушінің атасы:
-Пәтерде тұрады. Ол Өзбекстан азаматы. Ешқандай құжаттары жоқ. Біздің ауылда тіркелмеген. Метрикаға дейін жоқ.
Тек жазғы уақытта су жіберілетін өзен арнасы басқа кезде маскүнемдердің жиі бас қосатын орнына айналған. Оны айналада шашылып жатқан бос шөлмектерден байқауға болады. Дәл осыны пайдаланған азғын арам ойын іске асыру үшін қызды күштеп осында жетектеп әкелген. Бірақ куәгерлер дер кезінде араласып, оны үркітіп жіберіпті.
Бүлдіршіннің жан дауысын естіп, көмекке ұмтылған Тимур. 18 жасқа енді толған бозбаланың қолы қарулы екен. Соқталдай жігітті сескенбей ұрып, кішкентай қызды арашалап қалған.
Тимур, оқиға куәгері:
-Қыз айқайлады жылап. Қыз қасыма жүгіріп келді де, көмектесші деді. Неге тидің деп едім, ол тұра қашты.
Полиция азғынды бірден алып кеткенімен, қызға медициналық көмек тек 8 сағаттан соң көрсетіліпті. Себебі 4 аурухана қабылдаудан бас тартып бір-біріне сілтеген екен. Қазіргі таңда қажетті сараптамалар тағайындалып, күдіктіні ұстауға көмектескен азаматтарға марапаттау мәселесі қарастырылуда. Ал жәбір көрген қыз кемінде 10 күн дәрігерлердің бақылауында болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!