Солтүстікте 4 ауылға қызыл су жетіп, 250-дей үйді шайды
Төтенше жағдай мамандары бұл елді мекендердің тұрғындары мен малын қауіпсіз аумаққа шығарып жатыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
17.04.2017
Бұл кадрларды су басқан ауылдың тұрғындары өздері түсірген. Әсіресе, Ғабит Мүсірепов ауданы Рузаевка ауылындағы жағдай тым мүшкіл. Елді мекендегі 200-дей үй су астында тұр. 500 тұрғын эвакуацияланды. Оның 110-ы балалар. Сондай-ақ, төтенше жағдай мамандары халықтың малын да қауіпсіз жерге тасуда. Десек те, осы уақытқа дейін жүзге тарта ірілі ұсақты малдың суға кеткені анықталды. Осы аудандағы Ақанбұрлық және Шарық өзендерінің тасуы олардың бойындағы Чистополье, Құйған, Раисовка сынды елді мекендердің халқын да әбіргерге салып жатыр. Бұл ауылдардан 120-дан астам адам көшірілді. Қазір құтқарушылар судың ағысын өзге арнаға бұра алмай әлек болуда.
Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
-Тұрғындар бұл жағдайға түсіністікпен қарап отыр. Өйткені бұған дейін оларға алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халық су келе қалғанда қайда баратынын алдын ала ойлап, дайын отырды. Ауылдан шығарылғандардың бәрі туыстарын паналап отыр. Судың беті қайтса олар үйлеріне оралады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!