Ақтөбе тұрғындары тасқынға дұрыс қамданбаған шенеуніктерге өкпелі
Көктемнің нағыз тасқыны еліміздің солтүстігі, орталығы мен батысын ойрандап жатыр. Әсіресе Ақтөбе облысындағы жағдай қиын! Аймақта төтенше жағдай жарияланды. Өйткені, қызыл су облыс орталығының өзін басып қалды. Мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Қазіргі таңда Ақтөбеде оннан астам шағын аудан әлі де суда тұр. Барлығында жарық пен газ беру тоқтатылған. Алыстағы ауыл-аймақты айтпағанның өзінде, жергілікті билік облыс орталығының өзін тасқыннан қорғауға дайын болмай шықты.
Автор: Жаңалық Ахаш
17.04.2017
-Ақтөбеліктер үшін бүгінде қайықтан басқа қатынас құралы қалмаған. Бірнеше күннен бері су басқан үйлерінен дүние-мүліктерін құрғақ жерге сонымен тасып шығарып жатыр. Қазір Ақтөбеде мыңға жуық шаңырақ дәл осындай жағдайда, белуардан суда тұр. Тіпті бесеуі мүлдем қирап қалған. Қара бастарын әрең құтқарған жұрт, бір түнде топан су басады деп мүлдем күтпегендерін айтады.
Су басуға бірнеше күн бұрын қала іргесіндегі Ақтөбе және Сазды су қоймаларының шлюзі ашылуы себеп болған. Осының кесірінен мыңға жуық үй су астында қалса, 5 шаңырақ мүлдем қирап қалған. Әсіресе, Вохр, Махамбет, Сүт зауыты және Кірпіш ауылдарындағы жағдай қиын. Ол жақтағы су деңгейі кем дегенде екі метрге жетеді.
Сансызбай Құлманов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Киімдерді алуға үлгере алмай қалдық. Лап ете қалды. Бәрі суға кетті. Не масқара? Ешкім келген жоқ. Полиция жоқ. Тіпті суға жүзіп кетсек те ешкімнің шаруасы жоқ.
Айнагүл Тәңірбергенова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Ақтөбе су қоймасы суын жіберіп жатыр. Алдын-ала соны ескертпей ме? Қар еріп жатқанда ақырындап жібере бермей ме? Бір күнде неге жібереді? Өлтірді ғой халықты. Миллиондап салған үйімізді кредитке. Енді не істейміз?
Ал су қоймасына жауапты мекеме басшылығы суды жібермеске болмады деп ақталады. Өйткені, су деңгейі күн санап көтеріліп, бөгеттердің бұзылу қаупі төнген көрінеді.
Бекзат Наметов, «Казводхоз» РМК Ақтөбе филиалының директоры:
-Жобалық өлшемі толғаннан кейін жібереміз суды Ал біз оның алдында қайта алдын ала жібердік. Соның өзінде қазіргі ауа райына күшіміз келмеді.
Жұрт кенеттен су келерін ескертпеді деп айыптаған құтқарушылар керісінше тұрғындарды кінәлап отыр. Олар ең бастысы адам шығыны болмағанына шүкіршілік етуді сұрайды.
Бауыржан Сыздықов, Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы:
-Біз жүз пайыз дайын болдық. Соның арқасында бір де бір адам суға кетіп қайтыс болған жоқ. Ең бірінші жетістігіміз сол деп санау керек. Ол өзеннің бойында тұрған үйлер. Өзеннің ұлтанында құрылыс салуға болмайтынын өздеріңіз білесіздер.
Шенеуніктер суға кеткен мыңға жуық үйдің саяжайда салынғанын айтудан жалығар емес. Дегенмен,ол жердің қала орталығына айналып, саяжай шоғырларының әлдеқашан бір-бір ауыл болып кеткенін жақсы біледі. Енді тұрғындар осыны өтемақы төлемес үшін атқамінерлер сылтау қылмаса екен деп қорқады. Қазір тасқынға байланысты құрылған комиссия өз жұмысын бастаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!