Ақтөбеде тасқын қаупі сейілмей тұр
Өйткені, Қарғалы су қоймасының шлюзі ашылыпты. Бұған да жұрт алаңдаулы. Ал су басқан Вохр мен Махамбет ауылы маңындағы өзеннің деңгейі түскен. Тұрғындар құрғаған үйлерінің қазіргі жағдайын көріп күйініп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.04.2017
Тасқыннан зардап шеккендер мұнда ат ізін салмаған шенеуніктерге ашулы. Қазір судың беті қайтқан Махамбет пен Вохр ауылының тұрғындары әкімдік жанынан құрылған бірнеше комиссияның бірде-бірінен хабарсыз екен.
Гүлнар Қамысбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-"Дача" тұрғыны деп алалайды үнемі. Байлар саяжайға келмейді ғой. Дымы жоқтар ғана осында тұрады. Елеусіз қалып жатырмыз.
Қазір топан су басқалы бұл ауылдарда резеңке етік қат дүниеге айналған. Қиналған жұрттың арқасында алып-сатарлар да пайдаға кенелгісі келіп, етікті еселеп қымбатқа сатып жатыр. Тасқыннан тентіреп кеткен жұрт қымбатқа сатып алған осы резеңке аяқ киімдерін жағдайын сұрап келген шенеуніктердің қолына ұстатқысы келеді. Ең болмаса қираған үйлердің санын біліп отырсын деген ниетте.
Айдын Сүйінбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Барған сайын көтеріп жатыр. Не істейміз? Алатын ақшамыз жоқ. Біреулерден сұрап алып келді.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев та бір аптадан бері Ақтөбеде көрінбей кетіп еді. Ол бүгін төбе көрсетті. Қысқа мерзімді демалысын үзген көрінеді. Ол алдымен Вохр мен Махамбет ауылындағы тұрғындарға бар уәдесін беріп кетті. Дегенмен, қазір Ақтөбеде қауіп сейлмей тұр. Өйткені, Қарғалы су қоймасы толған. Кеше шлюзін ашты. Сондықтан су деңгейі қайта көтеріліп келеді. Онымен қоса таңнан бері Ақтөбеде жаңбыр жауды.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:
- Бәрі тұрақталсын. Судың бәрі кетіп болуы керек. Әлі су кеткен жоқ. Әлі келетін сулар бар. Мына Қарғалыдан, басқа жақтан. Соның бәрін дұрыс өткізуіміз керек..
Төтенше жағдайлар департаменті таратқан соңғы мәліметтерге қарағанда бүгін тағы бір ауылды, Қурайлы елді-мекенін су басқан. Онда 18 үй суда қалыпты.
Өкінішке орай, тыңғылықты дайын болмай шықты. «Адам шығыны жоқ, бастысы осы» деген бәрінің жаттанды жауабы бар. Ал, келген матриалдық шығынды өтеу мәселесі әзірге айтылып жатқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!