Петропавлда үлескерлердің үйі Ресей президентінің кесірінен салынбайтын болған
Құрылысты созбалаңға салған фирма өкілдері осылай деп уәж айтты. Яғни бұл компания өткен жылы Қызылжарда жоспарланған Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары форумының Астанаға ауысқанынан зардап шеккен көрінеді. Былтырдан бері құрылысшыларға тыныштық бермеген әкімдік енді үй тұрған жерді күштеп тартып алмақ. Ал екі ортада үлескерлер баспанадан да, ақшадан да айырылып отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
20.04.2017
«Кансам» құрылыс фирмасының өкілі Махаббат Есенбаеваны қоршап тұрған мына жұрт – осы үйдің үлескерлері. Әдетте төбе көрсетпейтін оны бүгін қала әкімі шақыртып, халықпен сөйлесуге міндеттепті. Айтуынша, үйдің дер кезінде салынбауына анау-мынау емес, Путиннің өзі кінәлі. Яғни былтыр жазда Петропавлда екі елдің шекаралас аймақтарының форумы өтуі тиіс еді. Оған дейін қаланың кіре берісіндегі бұл ғимарат салынып бітуі керек екен. Бірақ саяси шара Астанада өтетін боп қалған.
Махаббат Есенбаева, құрылыс фирмасының өкілі:
-Кейін саммит өтпейтін болып, Путин келмей қалды. Содан бастап әкімдік бізді бұл жерден кетіру үшін бәрін істеді. Қайта-қайта тексеру жіберіп, мұрша да берген жоқ. Ақыр соңында құрылысқа берген рұқсатының күшін жойып, жерді мемлекет меншігіне алу туралы шешім шығарды.
Ал әкімдіктегілер құрылысты созбалаңға салған фирманың өзін айыптап отыр. Егер үй уақытылы, яғни былтыр жазда берілгенде, оған ешкім тиіспеуші еді. Әрі қаңырап тұрған ғимарат қаланың сәнін кетіреді дейді олар.
-Қаланың бас жоспары бойынша бұл жерде 9 қабатты үй болады. Оның құрылысы бір-екі айда басталмақ. Құрылысшылар толығымен бұл ғимаратты бұзып, қайта саламыз деп отыр. Өйткені оның іргетасы тек үш қабатқа ғана есептелген екен.
Ал барлығы 50 миллион теңгесін құрылысшыларға ұстата салған 11 үлескердің жағдайын енді сот шешпек. Бұл іске қатысты тергеу амалдары да басталыпты. Үлескерлердің ендігі үміті тек әкімдікте.
Динара Рақымжанова, Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы:
-Қазір келісім комиссиясы құрылды. Осындағы құрылыс материалдарының, жердің құны есептеліп, фирманың атына ақша аударылатын болады. Өйткені заң бойынша олар осы жердің иелері. Өз ретінде бұл фирма үлескерлермен есептесуі тиіс.
Сонымен 11 үлескердің пәтерсіз қалатыны анық. Әкімдік фирмаға қанша ақша аударады, оның сомасы жапа шеккен жұрттың бәріне жете ме, ол арасы әзірге белгісіз. Өйткені жұрт екі рет сотталған фирма басшысына аса сеніңкермей де отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!