Алматы облысында тұрғындар жайма базардың саудагерлеріне қарсы шықты
Көшені сауда алаңына айналдырған! Алматы облысында тұрғындар жайма базардың кесірінен аулаларында тазалық сақталмай жатқанын айтып шағымданды. Есік қаласының қақ ортасын қызу сауда орнына айналдырғандар жолдағы қозғалысқа да кедергі келтірген. Полиция мен әкімдіктің бір реттік тексерісі кезінде жайма базар жабылғанымен, келесі күні-ақ саудагерлер үйреншікті орындарына оралады екен.
Автор: Олжас Байжан
20.04.2017
Есіктегі автобекетке кірер жол көліктер үшін емес, үйіне азық-түлік алуға келген жұрт үшін жасақталғандай. Себебі, жақын маңдағы базардан гөрі жол үстінде сауда қызып тұр. Мұндағы баға арзан болғанымен, тазалығы маңайдағы тұрғындарды мезі еткен.
Людмила Қайдарова, Есік қаласының тұрғыны:
-Қақырық пен қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Сол жерде тамақ сатады. Нарға дейін жерге жайып тастаған. Санитария атымен жоқ.
Жайма базардан мезі болғандар сан рет әкімдікке барып, полиция да шақырыпты. Бірақ бұл шараны бір күндік қана деп атауға болады дейді жұрт. Бүгін айыппұл арқалап кететіндер ертен тауарын арқалап қайта келеді.
Зухра Керімбакиева, Есік қаласының тұрғыны:
-Тексеріс келеді дегенде мынаның барлығы жоғалып кетеді. Медициналық кітапшасы, не патенті жоқ. Есік бір дербес ел сияқты. Заңды елемейді.
Негізі автобекеттің қарсы бетінде базар бар. Бірақ онда бағасына бола ешкім бармайды екен.
-Әмбебап базар деп салынған нысанның ішінде барлық жағдай жасалған. Яғни тауарды сақтайтын орын, қар мен жаңбырдан қорғайтын шатыры да бар. Бірақ қазір іші бос. Себебі жалға берілетін ақысы тым қымбат көрінеді. Сондықтан жұрт көше бойындағы үйреншікті орындарында саудасын қыздыруда.
Жайма базардың да иесі бар. Жұрт көше бойында сауда жасағаны үшін ақы төлейді екен. Ал теңге жинағыштар тазалыққа мүлдем бас ауыртып отырған жоқ.
Қалибек Сарыбаев, базар директоры:
-Бізде барлығы заңды мемлекеттік акт бар. Жоғарғы жағы жабайы сауда.
Базар басшысы осылайша жабайы сауда жасайтындар үшін жауап бермеймін деп отыр. Ал жергілікті биліктің құрығы ұзын кәсіпкерге тісі батпайтын сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!