Қостанайға көрші облыстан құтқарушылар жетті
Қостанайлықтар әлі де топан сумен арпалысып жатыр. Қазіргі уақытта Қарасу ауданында 37 үй тізеден суға батып тұр. Қауіпсіз аумаққа көшірілгелі бері үйлеріне қайта алмай отырған тұрғындардың саны жүзден асады. Өңірдегі тасқын зардабын жою үшін Жамбыл облысынан қосымша құтқарушылар тобы тартылған. Әйтсе де, тағы 3 ауылда жағдай оңалмай тұр.
Автор: Ербол Тұрымбет
20.04.2017
Облыстағы тасықыннан қатты зардап шеккен Зеленовка ауылында қазір қызу тіршілік. Тасқыннан аман қалдық деп жайланып отырған ешкім жоқ. Қай үйге барсаңыз да, кетпен-күрегін ұстап, үйін лайдан тазартып жатқандарды көресіз.
Араға екі күн салып екі қайтара соққан тасқын осындағы 53 үйді түгел шарпыған. Құтқарушылар дер кезінде келді дегеннің өзінде ауылдықтар алты бас ірі қарасы мен төрт бұзауынан айырылған. Бұл тек белгілісі ғана. Тұрғындардың айтуынша, қыруар шығынға батырған тасқынның әуелгі қарқыны қатты болыпты.
Іргедегі Қарасу өзеніне еріген қар суы кеп құйғанда ол арнасынан тасыған. Тасқын осындағы Восток ауылын да әбден бүлдіріпті. Ауылды жарып ағатын өзендегі жалғыз көпірдің сиқы мынау. Екпінмен келген мұздықтар қалтыраған ағаш көпірді қиратып кеткен.
-Қираған көпір жергілікті демеушілердің көмегімен қайта жөнделетін болады. Ал оған дейін ауыл тұрғындары өзеннің екінші бетіне мынадай қайықпен ғана өтеді. Онда да төтенше жағдай қызметінің қатаң талаптарын сақтау керек: үстіңізде мынадай қауіпсіздік күртешесі, жаныңызда міндетті түрде құтқарушылар жасағы отырады.
Мұндағылар да топан судың кесірінен етігімен су кешіп жүр. Қайтерін білмей дал болған мына әйел табиғат апатынан бейхабар қалдым дейді. Ал облыстық төтенше жағдай департаменті кешелі бері жетпіс адамның үйлеріне қайтып оралғанын айтты. Дегенмен, Жамбыл, Новоселовка және Қарамырза ауылдарында әлі отыз жеті үйді суға басып тұр. Жамбыл облысынан келген құтқарушылардың көмегімен қостанайлықтар апат салдарын тездетіп жоюға кіріскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!