Туризм комитеті Париждегі отандастарымызды сақ болуға шақырды
Үкімет өкілдері қазақстандықтарға қоғамдық орындардан аулақ жүріп, ал лаңкестік әрекет болған аумаққа мүлдем жоламауды ескертті. Кеше Франция астанасында «Ислам мемлекеті» ұйымының екі лаңкесі тәртіп сақшыларына шабуыл жасаған болатын. Полицейлердің біреуі көз жұмып, екеуі ауыр жараланған. Сол маңанан өтіп бара жатқан тағы бір адам зардап шекті. Лаңкестердің бірі сол жерде өлтірілсе, екіншісі іздестірілуде.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
21.04.2017
Францияда президент сайлауына санаулы күндер қалғанда, лаңкестерден төнген қауіп сейілмей тұр. Бұл жолы лаңкестер ел астанасындағы әйгілі Елисей алаңында сойқан салды. Болжам бойынша, шабуылды қарулы 2 адам жасапты. Ал, олардың көздегені бейбіт тұрғындар емес, тәртіп сақшылары болған.
Оқиға куәгері:
-Лаңкес автоматтан оқ жаудырды. Оқ жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан біз секілді адамдарға да тиюі мүмкін еді. Бірақ, олар нақты полицейлерді көздеді.
Лаңкестер сол көздеген тәртіп сақшыларының бірін өлтірді. Тағы 2 полицей ауыр жараланған. Сол маңнан өтіп бара жатқан шетелдік турист де зардап шекті. Соңғы кездері лаңкестік оқиғадан көз ашпаған жұрт әбден шошынып қалған. Солардың бірі, отандасымыз Андрей. 7 жылдан бері Парижде тұрып жатқан жігіт сол сәтте жұмыстан қайтып келе жатыпты.
Андрей Иванов, Қазақстан азаматы:
-Әрине, жұрттың бәрі қорқып қалды. Алғашқыда өзімізді қоярға жер таппадық. Өте қайғылы жағдай. Менің ойымша, қазір ең маңыздысы лаңкестермен күресудің жолын табу керек.
Зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ дейді біздің дипломаттар. Дегенмен, бүгін еліміздің Туризм комитеті Париждегі отандастарымызды аса сақ болуға шақырды.
- Париждегі Қазақстан азаматтары тәртіп сақшыларының нұсқауына бағынсын. Ал, Францияға сапар ұйымдастыратын туроператорлар өз клиенттерін төніп турған қатер мен қауіпсіздік ережелері туралы хабардар етсін.
Франциядағы қауіп әлі сейілген жоқ. Содырлардың бірі оқиға орнында өлтірілгенімен, оның сыбайласының бостандықта жүргені айтылуда. Ол жер-жерден іздестіріліп жатыр. Ал, көзі жойылған қаскөйдің кім екені анықталды. 39 жастағы «Ислам мемлекеті» ұйымының содыры бұған дейін де полицейлерге шабуыл жасап, істі болған екен.
-Ал, шабуыл үшін Елисей алаңы бекер таңдалмаса керек. Өйткені, дәл осы көшеде президент сарайы орналасқан. Әрі оқиға кандидаттар соңғы теледебатын өткізіп жатқанда орын алыпты. Айта кетсек, Францияның жаңа басшысын анықтайтын саяси дода жексенбіде басталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!