Үйлері су астында қалған ақтөбеліктер биліктен жаңа пәтер талап етіп жатыр
Ақтөбеде топан суы кеткен бірнеше ауылдың тұрғындары үйлеріне оралып, дүние-мүліктерін түгендеп жатыр. Олармен қоса су басқан әр шаңырақты жедел топ аралап жүр. Арнайы комиссия алдымен баспананың жарамдылығын тексеріп, істен шыққан тұрмыстық техника мен жиһаздарын да есепке алады. Әйтсе де тұрғындар сыз басқан үйлерінің жағдайына алаңдаулы. Өйткені қайта жөндегенмен, ылғалдан мүжілген іргетасын қалпына келтіру қиын.
Автор: Жаңалық Ақаш
21.04.2017
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар су тартылып, жер құрғай бастағанан-ақ үйлеріне оралуға асығып жатыр. Бірнеше күн бойы шылқыған суда тұрған заттарын енді кептіріп әлек. Бірақ кәдеге жарайтыны аз.
Кенжегүл Әбдіғалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бүкіл дүние мүлік бәрі қалды. Ештеңе ала алған жоқпыз. Бір киіммен шығып кеттік. Тоңазытқыш, жиһаз, теледидар бәрі суға кетті. Ештеңе жарамсыз.
-Кірпішті ауылының шетіндегілер әлі де болса үйлеріне қайықпен қатынайды. Тасқын кезінде мұндағы су деңгейі бір жарым метрге жеткен еді. Қазір, әйтеуір, аулалалары аз да болса құрғап, дүние-мүліктерін түгендеп жатыр.
Талғат Әбжановтың үйінің тасқыннан ойраны шыққан. Бар жиған-тергені ауласында шашылып жатыр. Онысын ұрылар үптеп кетпесін деп бірнеше рет осында қайықпен жүзіп келіп-кетеді. Тұрмыстық техникасы істен шығып, ағаш жиһаздары ісініп кеткен. Бірақ бұл шығындарды оның өндіргісі жоқ. Мүгедек әкесі үшін басыбайлы бір бөлмелі пәтер берсе болды, мал-мүлік жинала жатар дейді.
Талғат Абжанов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Әкемнің пәтер мәселесін шешіп берсе. Өзіміз жаспыз, жайлап қарастырамыз. Жағымсыз иіске ауыратын әкемді бұнда әкелгім келмейді. Аурудың үстіне ауру жамайды.
Тасқыннан зардап шеккендердің сұрағанын комиссиядағылардың бірден ұстата қоймасы белгілі. Қазір олар су басқан әр шаңырақты аралап, шығындарын есептеп жүр.
Хайдар Ермашов, жедел жұмыс тобының мүшесі:
-Қандай дүние-мүлкі зардап шекті соны анықтап, комиссияға береміз. Комиссияның бағалайтын мамандары бар. Сол бағалаушы мамандары арқылы тағы қосымша шығатын болады.
Тасқын кезінде өзен жағасындағы бар қоқысты да су көтеріп, ағыспен ауылға әкелген. Енді су кеткенде оның бәрі көшеде шашылып жатыр. Қазір жинап, тазалауға әр елді мекенге бес жүз студент пен жоғары сынып оқушылары тартылыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!