Ақмола облысында бөгет жарылып, бір үй қирап қалды
Ақмола облысында төтенше жағдай! Мұнда екі бірдей дамба жарылып, мыңнан астам тұрғыны бар Семеновка ауылын топан су басты. Астанадан 50 шақырым жердегі елді мекенде қазір 40 үй белуардан суда тұр. Біреуі тіпті жермен жексен болған. Ал жергілікті биліктің жауабы қашанғыдай жаттанды. Бар пәлені табиғатқа жапқан әкім өзімнің де үйімді су басты деп қамсыз отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
21.04.2017
Семеновка ауылын тас-талқан еткен тасқын іргедегі Дамса су қоймасынан келген. Яғни, онда екі бөгет жарылып, топан су осы елді мекенге лап қойған. 40 үйді су басып, тіпті ылғалдан қабырғасы сөгіліп қираған үйлер бар.
-Суға шыдас бермей құлаған үйді енді қалпына келтіру мүмкін емес. Әрі іштегі теледидар, тоңазытшыш, жиһаз секілді дүние мүліктің барлығы жарамсыз боп қалыпты. Баспана иесі тек ас үйдегі мына үстел мен орындықты шығарып, шатырдың үстіне қойып үлгерген.
Ал, бұл сол опырылған үйдің қожайыны Александр Колбаско. Былтыр ғана зейнетке шығып, үйінде күрделі жөндеу жасаған екен. Енді еңбегі еш кетіп, бала-шағасымен тусының үйін жағалап жүр. Бірақ, бәрінен бұрын өтемақысыз қалам ба деп қорқады.
Александр Колбаско, Семеновка ауылының тұрғыны:
-Маған ешқандай көмек көрсетілмейтін шығар. Өйткені, үйімнің құжаттары дұрыс емес. Кезінде үйді өзіміз тұрғызғанбыз. Бірақ заңдастыруға уақытым болмай жүрген.
Ал, өзге үйлер қирамаса да, көлкіген суда тұр. Сондықтан бұлардың да іргетасы үгіліп, қабырғасы опырылуы ғажап емес. Қазір құтқарушылар суды сорып әлек. Ал, жұрт болса, олардың жайбасарлығына ашулы.
Зекен Ахметов, Семеновка ауылының тұрғыны:
-Былтыр салған үйлер осы. Астының бәріне су кіріп, еденімізді көтеріп кетті. Қора деген түгел кетті. Мал үш күн болды далада жүр.
Ал, әкім бар кінәні әдеттегідей табиғаттан көріп отыр. Айтуынша, биыл қар тым көп түскен. Тіпті, өзім де тасқынның құрбаны болдым дейді.
Омархан Кішкенинов, Новоишимка ауылдық округінің әкімі:
-Ол табиғат. Бірақ, біз сақтану керек деп айттық. Эвакуациялық орталықты дайындадық. Менің де үйімді су басты. Көршілердің бәріне су кіріп кетті. Өтемақы сұрайтынымды ойланамын. Енді қолым тимей жатыр жұмыспен шауып жүрмін.
Енді баспанасын су басқан халық та әкім секілді өтемақыдан үміттенеді. Ол үшін жақында комиссия құрылып, келтірілген шығын есептелмек. Бірақ, зардап шеккен тұрғындар бір тиын аларына күмәнмен қарап отыр. Ал, топан суды ауыл басшысы бір-екі күнде сорып бітіреміз деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!